Accessibility links

Мәскеуде Сирияға қатысты келіссөз өтеді


Ресей стратегиялық зерттеулер институты директорының кеңесшісі Елена Супонина.

Ресей стратегиялық зерттеулер институты директорының кеңесшісі Елена Супонина.

Мәскеуде 6 сәуір күні Сирия үкіметі мен осы елдің оппозициялық топтары арасында келіссөз басталады. Ресей стратегиялық зерттеулер институты директорының кеңесшісі Елена Супонинаның мәлімдеуінше, 6-9 сәуір күндері аралығында өтетін келіссөзге қатысатындардың көпшілігі қаңтар айында өткен кеңесулерге қатысқан.

Moscow Times басылымының жазуынша, қаңтар айындағы алғашқы кездесуге Сирияның Батыс елдері қолдайтын негізгі оппозициялық тобы - "Сирия ұлттық коалициясы" қатыспай қалған. "Сирия ұлттық коалициясының" өкілдері "күн тәртібі анықталмаған және Сирия билігін жақтайтын адамдар шақырылған" деп, 6-9 сәуірдегі келіссөзге де қатыспайтындарын мәлімдеп қойған.

Супонинаның сөзінше, кездесуге жаңа өкілдер қатысады. Бірақ ол қатысушылардың аса танымал емес екенін ғана айтып, келіссөз жайлы толық ақпарат бермеді.

Ресей Сирия дағдарысын реттеуге араласқысы келеді. Бірақ араб елдері Кремльдің Таяу Шығыстағы саясатын, әсіресе Сирия президенті Башар Асад билігін қолдауын айыптайды.

Бұған дейін Араб елдері лигасы саммитінде Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Сауд әл-Фейсал Ресей президенті Владимир Путин "Сирия билігін қолдап, қаруландыру арқылы тұрақсыздыққа арандататындықтан, Таяу Шығыстағы дағдарысты бейбіт түрде реттеу туралы айтпай-ақ қойсын" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG