Accessibility links

Борышкерлер Назарбаевпен кездестіруді талап етті


Қазақстанның бірнеше облысынан жиналған борышкерлер президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап етіп тұр. Астана, 7 сәуір 2015 жыл.
Қазақстанның бірнеше облысынан жиналған борышкерлер президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап етіп тұр. Астана, 7 сәуір 2015 жыл.

Бүгін Астананың орталығына Қазақстанның бірнеше облысынан ондаған борышкер жиналып, президенттікке кандидат, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап етті.

Жиналғандардың айтуынша, олар Назарбаевқа сайлау алды бағдарламасына банкке борышкерлерді қайта қаржыландыру туралы өздерінің бірнеше ұсынысын қосуды ұсынады. Борышкерлер бірлестігінің жетекшісі Есенбек Өктешбаевтың айтуына қарағанда, олар қайта қаржыландыруды "халықаралық талаптар" бойынша жүргізуді, яғни мемлекеттің борышкер қарызының 50 пайызын мемлекет төлеп беріп, банктердің "форс-мажорлық жағдайларды ескеріп, несиені жоюын" ұсынады.

Борышкерлермен кедескен Ұлттық банктің тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев жиналғандарға мемлекет қайтарылуы қиындаған ипотекалық несиелер мәселесін реттеуге 130 миллиард теңге бөлгенін, ол бағдарлама мамыр айынан бастап жұмыс істейтінін айтты.

Оқиға орнына келген Астананың Есіл аудандық прокуроры Біржан Мажренов жиналғандардан тарап кетуді сұрады.

Борышкерлер қазір Бәйтерек монументі жанына жақын маңда тарқамай, әлі тұр. Олардың әрқайсысының қолында Назарбаевтың атына жазылған арызы бар. Полиция президент резиденциясы мен үкімет үйіне баратын жолды жауып, борышкерлерді сырттай бақылап тұр. Әзірге ешкім ұсталған жоқ.

XS
SM
MD
LG