Accessibility links

Fitch: Сайлаудан соң теңге құнсыздануы мүмкін


Fitch халықаралық рейтинг агенттігінің логотипі. (Көрнекі сурет).
Fitch халықаралық рейтинг агенттігінің логотипі. (Көрнекі сурет).

Fitch халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанда 26 сәуірде кезектен тыс президент сайлауы өткеннен кейін теңге құнсыздануы мүмкін деген болжам жасады.

Агенттік сайтында 8 сәуірде жарияланған ақпаратта бұған дейін Қазақстан үкіметі теңгенің айырбас бағамының ауытқу деңгейі Ресей рублінің бағамы үш жарым теңгеден төрт жарым теңге аралығында тұрақтағанда ғана қолайлы болады деп мәлімдегендіктен теңге 13-45 пайыз аралығында құнсыздануы мүмкін делінген.

Fitch Қазақстанда девальвация жүргізілсе онда ол банктер активінің сапасы мен олардың капитализациялануына қысым жасайды дейді. Агенттік сарапшылары шетел валютасындағы несиелердің көпшілігі девальвация қаупінен қорғалмаған борышкерлерге берілгендіктен активтердің сапасы нашарлайды деген болжам жасайды.

Қазақстан Ұлттық банкі бұған дейін 2015 жылы елде теңге бағамының күрт өзгеруіне жол берілмейді деп мәлімдеген.

2014 жылы ақпанда Қазақстанда теңге бірден 19 пайызға, бір АҚШ долларына шаққандағы бағамы 150 теңгеден 185 теңгеге құнсызданған.

Қазір АҚШ долларының ресми бағамы 185,65 теңге болып тұр. Валюта айырбастау пунктерінде доллар 186-186,7 теңгеден сатылады.

XS
SM
MD
LG