Accessibility links

Исмаилованың үстінен шағымданушы шағымын қайтаруды сұрады


Қамауда отырған әзербайжандық журналист Хадиджа Исмаилова.

Қамауда отырған әзербайжандық журналист Хадиджа Исмаилова.

Әзербайжандық журналист, Азаттық радиосының абақтыда қамауда отырған тілшісі Хадиджа Исмаилованың ісіндегі шағымданушы Турал Мустафаев бас прокуратурадан шағымын қайратып алуды сұрағанын хабарлады.

Мустафаев Азаттыққа өзінің өткен жылы Исмаилованың үстінен шағымды "эмоциялық стресс" жағдайында түсіргенін, енді журналистпен бітімге келгісі келетінін айтты.

Хадиджа Исмаилова 2014 жылдың 5 желтоқсанында Мустафаевтың шағымы негізінде тұтқындалған. Мустафаев шағымында журналистің "өлімге итермелегенін" айтқан. Бірақ Исмаилова өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, өзіне қарсы істің саяси астары бар дейді.

Хадиджа Исмаилова тұтқындалғанға дейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен оның отбасының қаржысы туралы бірнеше зерттеу материалын жариялаған.

Әзірге прокуратураның шағым қайтып алынғаннан кейін істі жабар- жаппасы, істі жапқан жағдайда Исмаилованың босатылатыны белгісіз.

Ақпан айында Хадиджа Исмаилованың үстінен "салық төлеуден жалтарды", "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" деген жаңа айыптар тағылған.

Исмаилованың қамауға алу мерзімі 24 мамырда аяқталуы тиіс.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Исмаилованың қамалуын президент Ильхам Әлиев үкіметінің тәуелсіз журналистер мен белсенділерді үрейлендіріп, үнін өшіру әрекеті деп бағалаған.

XS
SM
MD
LG