Accessibility links

БҰҰ маманы Калачи мен Березовкадан көшуге үндеді


Дәрігерлердің талып қалған оқушыны Березовка ауылы амбулаториясына әкелген сәті. Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.
Дәрігерлердің талып қалған оқушыны Березовка ауылы амбулаториясына әкелген сәті. Батыс Қазақстан облысы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

БҰҰ-ның улы қалдық заттар жөніндегі арнайы өкілі Башкут Тунчак Ақмола облысындағы Калачи және Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындарын көшіру қажет деп мәлімдеді.

БҰҰ арнайы өкілінің Қазақстандағы сапары 8 сәуірде Астанада аяқталды. Қазақстанға наурыздың 26-сі күні келген ол мұнай, металл, уран және көмір өндіру мен қайта өңдеу саласынан бөлінген өнеркәсіптік улы заттар және қалдықтармен ластанған ірілі-кішілі бірнеше қаланы аралаған. Ол билік өкілдері ғана емес, жергілікті тұрғындар мен азаматтық белсенділермен де кездесіп, сөйлескен.

АДАМ ҚҰҚЫН БҰЗУ ЕСЕБІНЕН - ЭКОНОМИКА

Сапарын қорытындылаған БҰҰ сарапшысы Башкут Тунчак Қазақстанда аса қауіпті аймақтарда өзін және өз құқығын қорғау мүмкіндігі жоқ адамдар көп тұратынына алаңдайтынын мәлімдеді. Ол Қазақстанда «тіпті адам құқығын бұзу есебінен болса да экономикалық өсімге жетуге көп мән берілетініне» қайран қалғанын айтады.

— Мемлекет экономикалық өсімге көбінесе табиғи ресурстарды өндіру есебінен жетіп отыр. Бірақ қауіпті қалдықтармен күрес амалдары мүлде қарастырылмаған. Сондықтан Қазақстан халқының қауіпті жағдайда өмір сүріп жатқаны алаңдатады. Елді аралаған кезде тау-төбе болып үйілген қауіпті қалдықтарды, ауасын өнеркәсіптің зиянды заттары ластаған қалаларды, шаңға бөккен үйлерді көріп, радиоактивті және қауіпті қалдықтар туралы көптеген оқиғалар туралы естіп, талай жайтқа қанықтым, - дейді Башкут Тунчак.

Оның сөзінше, Қазақстанда қоршаған ортаны ластауға қатысты жүйелі ақпарат тапшылығы байқалады. Бұл халықтың өз құқығын, оның ішінде адамдардың денсаулығына қатысты құқығын қорғауына мүмкіндік беретін жалпы ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз етуге кедергі келтіреді.

БҰҰ сарапшысы Башкут Тунчак . Aстана, 8 сәуір 2015 жыл.
БҰҰ сарапшысы Башкут Тунчак . Aстана, 8 сәуір 2015 жыл.

— Березовка ауылындағы жапа шеккен бір баланың әкесі маған мамандар баласының шашы, қаны және тырнақтарында белгілі бір уытты заттардың бар-жоғын сегіз рет тексергенін айтты. Бірақ оған тексерудің түпкілікті нәтижелерін сол күйі бермеген, - дейді Башкут Тунчак.

Былтыр қараша айында Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылында бір күнде 20-дан аса бала талып қалған. Ауруханаға басы айналып, денесі тырысқан 31 адам (оқушылар мен мұғалімдер) жеткізілген. Дәрігерлер «газ баллонынан уланған немесе шаршағанның әсері» деген алғашқы болжам жасаған, бірақ жергілікті тұрғындар, ал кейін прокуратура Қарашығанақ кенішінен ауаға күкіртті сутегі тарағанын мәлімдеген.

ҚАУІПТІ АЙМАҚТАР

БҰҰ сарапшысы аса қауіпті аймақтарда тұратын әрі қоныс аудару немесе өз құқығын қорғау мүмкіндігі жоқ адам санының көптігі алаңдататынын да айтты. Бұл адамдар өнеркәсіп нысандары мен табиғи ресурстарды өндіретін учаскелер айналасындағы «санитарлық қорғау аймақтарында» тұрады. БҰҰ сарапшысының пікірінше, мұндай аудандарды немесе оның іргесінде тұратын адамдарды көшіру қажет.

Калачи маңындағы бұрынғы уран кенішінің орыны. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.
Калачи маңындағы бұрынғы уран кенішінің орыны. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

— Калачи (Ақмола облысындағы жұрт «ұйқы дерті» атап кеткен белгісіз ауруға шалдыққан ауыл - Автор), Березовка сияқты елдімекендерде тұратын адамдар бұл аймақтарда тұрудың қауіпті екенін біреу-міреудің заңды түрде дәлелдеуін жылдар бойы күтпеуі тиіс. Баспанасын сата алмағандықтан, амалсыз қамалып қалған олар зиянды заттар мен өзге де қауіп-қатерге бастарын тігіп, биліктің көшіруін ұзақ жылдар бойы күтуге мәжбүр, - дейді Башкут Тунчак.

Оның айтуынша, халықтың бұл тобын халықаралық құқық және адам құқығы саласындағы стандарттарға сәйкес қорғауға мемлекет көбірек күш салуы тиіс.

Қазақстанның халықаралық адам құқығы және қоршаған ортаны қорғау келісімдеріне қосылып, тиісті бағдарламалар қабылдауын Башкут Тунчак «зиянды заттар мен қауіпті қалдықтардың адам құқығына жағымсыз әсерін азайтуға тырысуы» ретінде ғана бағалап отыр.

Арнайы өкіл сапар барысында түйген негізгі тұжырымдары мен Қазақстан үкіметіне жолдайтын ұсыныс-кеңестері көрсетілген қорытынды есебін БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне биыл қыркүйекте ұсынуды жоспарлайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG