Accessibility links

АҚШ-та адамды атып өлтірген полицей тұтқындалды


Полицей Майкл Слэджердің Уолтер Ламер Скотты атқан сәті. АҚШ, 4 сәуір 2015 жыл.
Полицей Майкл Слэджердің Уолтер Ламер Скотты атқан сәті. АҚШ, 4 сәуір 2015 жыл.

АҚШ-та қарусыз адамды ту сыртынан атып өлтірген полицей Майкл Слэджер тұтқындалды. Оған «адам өлтірді» деген айып тағылды.

4 сәуірде Оңтүстік Каролина штатындағы ақ нәсілді полицейдің қара нәсілді азамат Уолтер Ламер Скотты қашып бара жатқанда атып өлтірген сәтін оқиға куәгерлерінің бірі ұялы телефонға түсіріп алған.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, полицейлер Скоттың көлігін артқы шамы сынып қалғаны үшін тоқтатқан. Қаза тапқан азаматтың інісі марқұмның полициядан қашу себебін «ол баласына беруі керек алиментті төлемей жүрген соң қашқан болуы мүмкін» деп болжайды. Жергілікті газеттің дерегінше, Скотт алимент төлемегені және сотқа келмегені үшін он шақты рет тұтқындалған.

Қазір АҚШ-та полицейлердің қару қолдануы, әсіресе қарусыз қара нәсілді адамды атуы – жұрт назарын қатты аударатын оқиғалардың бірі. Елде былтыр мұндай жағдайларға байланысты бірнеше рет наразылық шерулері өткен. Желтоқсанда бірнеше қаланың тұрғындары қара нәсілді азаматты ұстар кезде буындырып өлтірген полицейді жауапқа тартпаған сотқа наразы болған. Қарашаның соңында Фергюсон және басқа да қалалардың тұрғындары қара нәсілді бозбаланы атып өлтірген полицейге айып тақпаған сотқа наразы болып, шеруге шыққан.

XS
SM
MD
LG