Accessibility links

Астанаға барған борышкерлердің бірі ауруханаға түсті


Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жағдайы нашарлаған борышкер Ғалия Қасенованы ауруханаға әкетіп барады. Астана, 9 сәуір 2015 жыл.

Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жағдайы нашарлаған борышкер Ғалия Қасенованы ауруханаға әкетіп барады. Астана, 9 сәуір 2015 жыл.

Астана қаласының орталығында үшінші күн бойы наразылық білдіріп жатқан борышкерлердің бірі Ғалия Қасенова бүгін жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.

Қант диабеті және басқа да бірнеше дертке шалдыққан ол өзге борышкерлермен бірге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу мақсатында Алматыдан Астанаға барған. Борышкерлер Назарбаевқа сайлауалды бағдарламасына банктердің борышкерлерді "халықаралық талаптар бойынша" қайта қаржыландыруын қарастыратын міндеттемелер енгізуді ұсынған. Яғни борышкер қарызының 50 пайызын мемлекет төлеп беріп, ал банктер форс-мажорлық жағдайларды ескеріп, несиені жоюы тиіс.

Астананың орталығына орналасқан борышкерлермен кездесуге Ұлттық банктің үкіметпен және мемлекеттік органдармен жұмыс департаменті директоры Бақытжан Саркеев барды. Ол борышкерлерді үйлерінен шығару мәселесін сот орындаушылары зерттеп жатқанын айтты.

- Кеше біз банктермен бірге әрбір борышкердің берешегін қайта қаржыландыру мәселесіне қатысты келісөз жүргізу қажет дегенге тоқтадық. Бірақ, бұған көп уақыт қажет. Басқаша айтқанда, мәселе орнынан қозғала бастады деуге болады, - деді Бақытжан Саркеев.

Борышкерлер бірлестігінің жетекшісі Есенбек Өктешбаев президент әкімшілігінен борышкерлерді үйлерінен шығару тоқтатылатынына және ипотекалық несиеге қатысты мәселелері шешілетініне жазбаша кепілдік берілмейінше Астанаға келген борышкерлердің ол жерден кетпейтіндерін айтады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG