Accessibility links

Чех президенті Мәскеудегі Жеңіс күні парадына қатыспайды


Чехия президенті Милош Земан.
Чехия президенті Милош Земан.

Чехия президенті Милош Земан екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германияны жеңгенге 70 жыл толуына байланысты Мәскеуде биыл мамырдың 9-ында өтетін Жеңіс күні парадына қатыспайтын болды. Бұл туралы бүгін Чехия президентінің баспасөз хатшысы Иржи Овчачек хабарлаған. Оның айтуынша, Земан мамырдың 8-і күні кешке Мәскеуге барып, келесі күні екінші дүниежүзілік соғыста құрбан болған совет сарбаздарын құрметпен еске алу рәсіміне қатысады. Бірақ, Қызыл алаңда өтетін әскери парадқа қатыспайды, ол уақытта Чехия президенті Словакия премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөздер өткізеді деп жоспарланған. Бұған дейінгі жоспар бойынша, Қызыл алаңдағы әскери парадқа Милош Земан да қатыспақшы еді.

Чехия премьер-министрі Богуслав Соботка ел президентінің бұл шешіміне қанағаттанатынын айтқан. Бұған дейін Мәскеудегі әскери парадқа қатысуға ниет білдірген Милош Земанды парламенттегі оңшыл либералдық оппозициямен бірге биліктегі солшыл центристік коалицияның бір бөлігі де сынаған еді. Чехия заңдары бойынша, мемлекет басшысының мұндай сапарлары мен оған жұмсалатын қаржыны үкімет бекітуі тиіс.

Чехияда коалиция құрамындағы Христиан-демократиялық одағы партиясының жетекшісі Павел Белобрадек бұған байланысты: «Біздің президенттің Ресейде қаза тапқандарды құрметпен еске алуға қатысатыны, ал бірақ ресейлік әскери күш-қуатты көрсету шарасына, әсіресе, сондай күш Украинада тұрақсыздыққа себеп болып отырған кезде, оған қатыспауды ұйғарған шешімі құптарлық» деп мәлімдеген.

Еуропа Одағы елдері басшылары Ресейдің Украинадағы қақтығысқа араласқаны үшін Мәскеудегі парадқа бойкот жариялағанына қарамастан, Милош Земан бұған дейін 9 мамыр – Жеңіс күні Мәскеу Қызыл алаңындағы парадқа қатысатынын мәлімдеген. Ал Чехия үкіметі болса бұл мәселеде Еуропа Одағы мен НАТО-ның ұстанымдарын жақтайды. Прага былтыр Ресейге қарсы ЕО салған санкцияларды қолдаған.

XS
SM
MD
LG