Accessibility links

Мырза станциясына су қаупі төнді


Қарағанды облысының аумақтық картасы.
Қарағанды облысының аумақтық картасы.

Қарағанды облысындағы Ақтау кентінің ескі бөлігі – Мырза станциясындағы үйлерді су басып қалу қаупі бар деп хабарлады бүгін Азаттыққа ауыл тұрғындары. Олардың сөзінше, бүгін су тұрғын үйлердің іргесіне тақаған. Қазіргі кезде төрт-бес үйді су алғанын айтқан тұрғындар Мырза станциясындағы ондаған үй-жай су астында қалып қоюы мүмкін деп дабыл қағып отыр.

– Су басқан жерден ұзын қонышты резеңке етіксіз өту мүмкін емес. Менің үйімнің қабырғасы дымданып кетті, үй ішіне су өтпесін деп бұрыштарына құм сеуіп жатырмын. Өзімдегі электрлі су тартқыштың арқасында ғана отырмын, - деді Азаттыққа Ақтау тұрғыны Юрий Баев.

Кенттің тағы бір тұрғыны Николай Беликов елдімекен іргесінде екі көлшік барын айтады. Оған саяжайлар жағынан су келеді. Бірақ, қазір келіп жатқан еріген қара суы сияқты деген болжам айтады ол.

Ақтау кентінің әкімі Айдос Ордабаев елдімекенге төнген су қаупіне қарсы әкімдік, коммуналдық шаруашылық қызметі мен төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері бірлесіп жұмыс атқарып жатқандарын айтты.

– Әрбір үйді топырақпен бекітіп көмек көрсетіп, проблемаларды шешуге тырысып жатырмыз. Қажет ететін тұстарға жасанды бөгет қоюды қолға алдық. Қазір біз осы жерде жүрміз, топырақ бар, техника жұмыс істеп жатыр. Қай жақтан ағып кетсе, сол жақты бітеп жүрміз. Су соратын арнайы машина жұмыс істеп жатыр. Қазір барлық күш Мырза ауылына жұмылдырылған. Бұл еріген қар суы емес, білмеймін, қайдан келіп жатқанын, - деді әкім Азаттыққа.

Мырза станциясы Астана - Қарағанды темір жолы бойында, Теміртау қаласына жақын орналасқан.

XS
SM
MD
LG