Accessibility links

Алматыда концлагерьден азат ету күнін атап өтті


Фашистік концлагерь тұтқындарын азат етудің халықаралық күніне байланысты Алматыдағы Мәңгілік алауға гүл қою рәсімі. 11 сәуір 2015 жыл.

Фашистік концлагерь тұтқындарын азат етудің халықаралық күніне байланысты Алматыдағы Мәңгілік алауға гүл қою рәсімі. 11 сәуір 2015 жыл.

11 сәуір – фашистік концлагерь тұтқындарын азат етудің халықаралық күніне байланысты Алматыдағы 28 панфиловшы-жауынгерлер паркінде бүгін мәңгілік алауға гүл қою рәсімі өтті.

Бұл шараға бұрын фашистік концлагерьдің кәмелеттік жасқа толмаған тұтқыны болған адамдар қатысты. Олардың басын біріктіретін қалалық ассоциация Халықаралық ассоциация құрамына кіреді. Алматы қалалық ассоциациясына 64 ер және әйел адамдар мүше. Олардың арасында Бухенвальд, Равенсбрюк, Освенцим, Майданек, Саласпилс, Азаричи және басқадай бұрынғы фашистік концлагерьлерде тұтқында болғандар бар.

Мәңгілік алауға гүл қою рәсімінде Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғайып Шайхудинов, Алматыдағы АҚШ-тың бас консулы Тереза Гренчик пен Алматыдағы Германияның бас консулы Рената Шимкорайт қысқаша сөз сөйледі.

Гүл қою рәсімінен соң бұрынғы концлагерь тұтқындарын олардың құрметіне дастархан жайылған мейрамханаға апарды, сол жерде концерт ұйымдастырылды. Бұл шаралардың барлығына Қазақстандағы ірі банктердің бірі демеушілік жасады.

1945 жылы сәуірдің 11-і күні Германияның Тюрингия аймағында орналасқан Бухенвальд концлагеріне АҚШ әскері жақын қалған кезде, «ажал лагеріндегі» тұтқындар қарулы көтеріліс бастаған. Олар концлагерьді күзететін 800-ден аса нацистік әскериді қарусыздандырып, тұтқынға алған. Екі күн өткенде Бухенвальдке АҚШ әскері кірген. БҰҰ-ның ұсынысымен, 11 сәуір – фашистік концлагерь тұтқындарын азат етудің халықаралық күні болып белгіленген.

Нацистік концлагерь тұтқындары туралы фотогалерея:

XS
SM
MD
LG