Accessibility links

Харьковте совет дәуірінің үш ескерткіші алынды


Совет дәуіріндегі қайраткер Николай Рудневтің ескерткішін орнынан алу. Харьков, Украина, 11 сәуір 2015 жыл.
Совет дәуіріндегі қайраткер Николай Рудневтің ескерткішін орнынан алу. Харьков, Украина, 11 сәуір 2015 жыл.

Украинаның Харьков қаласында өткен түні совет дәуірінен қалған үш ескерткіш тұғырдан алынды. Серго Орджоникидзе, Яков Свердлов және Николай Рудневтің ескерткіштерін бір топ жас адамның бір ұшы шағын автобусқа байланған арқанның көмегімен орнынан алып жатқан сәті түсірілген видео интернетте жарияланды.

Сонымен бірге видеодан Руднев ескерткіші тұрған жерге құқық қызметкерлері келгенімен, мүсіндерді орнынан алып жатқандардың ісіне кедергі келтірмегені байқалады.

Интернеттегі видеоның астына: «Харьков қауымы (громада) коммунистік режимді айыптау туралы заңды орындады. Бірнеше сағаттың ішінде белсенділер кешегі тоталитарлық кезеңнің үш өкілі – Серго Орджоникидзе, Николай Руднев және Яков Свердловты жерге түсіруге көмектесті» деп жазылған.

Бүгін Харьков мэрі Геннадий Кернес ескерткіштерді заңсыз алуға неге жол бергені туралы милиция түсіндірме беруі керек деп мәлімдеген. Украинаның «Оппозициялық блок» саяси партиясы совет заманы жетекшілерінің ескерткіштерін бұзу оқиғасына құқық органдарының тергеу жүргізуін талап еткен.

Украина Жоғарғы Радасы сәуірдің 9-ы күні коммунистік және нацистік режимдерді айыптап, оларды насихаттауға және символикаларына тыйым салу туралы заң жобасын қабылдаған.

XS
SM
MD
LG