Accessibility links

Барак Обама мен Рауль Кастро келіссөз өткізді


Куба мемлекеттік кеңесі төрағасы Рауль Кастро (сол жақта) және АҚШ президенті Барак Обама, Панама, 10 сәуір 2015 жыл.

Куба мемлекеттік кеңесі төрағасы Рауль Кастро (сол жақта) және АҚШ президенті Барак Обама, Панама, 10 сәуір 2015 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама мен Куба мемлекеттік кеңесі төрағасы Рауль Кастро сенбі күні Панамадағы «Америка саммиті» аясында екіжақты келіссөздер өткізді. Екі мемлекет жетекшілерінің арасындағы соңғы кездесу 1959 жылы өткен.

Обама бұл жолғыны «тарихи кездесу» деп атап, ұзақ жылдарға жалғасқан жаулықты екі елдің тоқтата алатыны туралы мәлімдеген. Ол АҚШ пен Куба арасындағы қатынасты қайта қалпына келтіру тек екеуіне ғана емес, бірқатар өзге мемекеттерге де жаңа мүмкіндіктер ашады деп айтқан.

«АҚШ сыртқы саясатындағы бұл өзгерістер біздің бүкіл аймақтағы бетбұрыс кезеңінің куәсі болып отыр» деген Обама.

Сонымен бірге, Ақ үй басшысы коммунистік билік басқарған елдегі адам құқықтары саласындағы проблемаларға назар аударатынын да атап айтқан.

«Біз өз арамыздағы қайшылықтар туралы ашық айттық. Қоғамдық құрылысқа қатысты біздің көзқарастарымыз өте алшақ. Мен демократия, адам құқықтары, жиналу еркіндігі мен баспасөз бостандығы сияқты мәселелерді айтуды доғармайтынымызды бүкпесіз тура айттым» деді Обама.

Куба басшысы өз кезегінде «халықтың азап пен қауіп-қатерге бас тігіп қол жеткізген идеяларын Гавананың қорғай беретінін» мәлімдеген. Оның сөзінше, Куба «социализмді дамытып, халық үшін әділеттілікке жету мақсатында экономиканы жетілдіру процесін жалғастыра бермек».

«Біз кейбір мәселелер бойынша бір бірімізбен келіспейтініміз жайлы сөйлестік. Біз барлығын талқылауға дайынбыз, бірақ шыдам қажет» деген Рауль Кастро.

Ол АҚШ-ты Кубаға қарсы салынған экономикалық блокаданы алып тастауға шақырды.

«Эмбарго біздің экономикамызды дамытуда басты кедергі болып қалып отыр. Ол халықаралық құқық принциптерін бұзады және теріс әсер етеді» деген Кастро.

Екі мемлекет жетекшілері АҚШ пен Куба арасында дипломатиялық қатынастар орнату екі жаққа ортақ мақсат екенін айтқан.

Әңгіме соңында АҚШ президенті Кубаны терроризмді қолдайтын мемлекеттер тізімінен алып тастау мәселесі жайлы әлі ойланатынын айтқан. Бұған дейін Обама ол мәселені АҚШ мемлекеттік департаменті зерттеп болғаны туралы мәлімдеген.

2014 жылдың соңында АҚШ және Куба басшылары жарты ғасырдан аса уақыттан кейін алғаш рет телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру мүмкіндігі туралы өзара пікір алмасқан.

XS
SM
MD
LG