Accessibility links

Қарағанды облысында су бөгетті бұзып кетті


Қарағанды облысының аумақтық картасы.
Қарағанды облысының аумақтық картасы.

Қарағанды облысы Абай ауданы Жұмабек аулында тасыған Көкөзек өзені бөгетті бұзып, тасқын су тұрғын үйлерді бүлдіргені туралы Қазақпарат хабарлады.

Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, сенбі күні кеші сағат бес пен алтының шамасында Көкөзек өзені тасып, мұз қиыршықтары су бөгетін жарып жіберген.

«Ауыл су астында қалып қоймас үшін бөгеннің шеткері жағын жырып, лықсыға суды сол жақтан ағызуға тура келді. Түнде әлгі жырылған жерді қайтадан бітеу үшін қажетті шаралар жасалды» деген Жасұлан Жұмашев.

Оның сөзінше, су астында қалған 17 үйдің 42 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілген. Сондай-ақ қауіпсіздік мақсатында Жұмабек ауылындағы 500-дей адам түгелдей жақын маңдағы Бұқар Жырау ауданының Новостройка ауылына апарылған.

«Су тасқыны адамдарды да алып кетпесін деп тұрғындарды көшірдік. Әйтеуір, адамдар аман» деді Жұмашев.

Абай ауданының әкімі Серік Шайдаровтың айтуынша, 1956 жылы салынған су бөгеті қазір жеке меншіктің иелігінде.

Төтенше жағдайлар комитетінің ақпараты бойынша, қазіргі кезде Абай ауданында 93 үйді су басқан. 60 адам қауіпсіз жерге көшірілген, оның ішіндегі 20 баланы мектеп ғимаратына көшірген.

Жаңаарқа ауданының Ақшағат ауылында су қаупінен 36 тұрғын көшірілген. Шет ауданының Еркіндік ауылында еріген қар суы15 шаруашылық құрылыстарын басып қалған. Қарқаралы ауданының Ынталы аулында 148 үй мен 150 шаруашылық құрылыстары еріген қар суы астында қалған. 718 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

XS
SM
MD
LG