Accessibility links

Қарағанды өңірінде тасқыннан жүздеген адам көшірілді


Қарағанды облысының Сарытөбе ауылында кейбір тұрғындар мектепке көшірілген. 12 сәуір 2015 жыл. (Сурет Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алынды).
Қарағанды облысының Сарытөбе ауылында кейбір тұрғындар мектепке көшірілген. 12 сәуір 2015 жыл. (Сурет Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алынды).

"Соңғы тәулікте Қарағанды облысында су басқан аймақтардан жүздеген адам көшірілді" деп хабарлады Азаттыққа облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Бірақ департамент уақыттың тығыздығын айтып, су тасқынына қатысты егжей-тегжейлі ақпарат бермеді.

- Қарағанды облысында құтқарушылар тасқын су басу қаупі туындаған аймақтарда апаттан құтқару және апат салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілі.

Көшірілген адамдар қауіпсіз жерге орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оларға көрпе-жастық таратылған.

Елді мекендердегі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды автобус, кейбір жерлерде жолды су шайып кеткендіктен пойызбен әкетіп жатыр. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен ауыл - Токаревка. Мұнда тұрғындарды жедел эвакуация жасап, кейбір тұрғындар қажетті киімдерін, ақшалары мен құжаттарын ала алмай қалған. Кей деректер бойынша, бұл ауылда еріген қар суы екі-үш метрден асқан. Токаревка мен Нұра ауылдарының зардап шеккен тұрғындарын әуелі Ақтау ауылындағы мектепке, кейін Теміртау мен Қарағандыға апарған.

Ақтау ауылының тұрғыны, ауыл мектебінде аспаз болып жұмыс істейтін Людмила Беликова:

- Біздің мектепке эвакуацияланған тұрғындар Токаревкада үйлерді су басып, мал түгелдей қырылғанын, ал Нұрада су белге дейін жеткенін айтты. Тұрғындар үрейленіп қалған, бұрын мұндай қатты су тасқынын көрмеген, не істерлерін білмей отыр, - деді Азаттыққа.

Басқа да бірнеше тұрғын Азаттыққа су тасқынынан зардап шеккен өзге де ауылдардағы жағдайды баяндап берді. Ульяновка ауылында тасқын көпірді бұзып өтіп, Первомай ауылында екі насос станциясын басқан.

Облыстың Қарқаралы ауданының тұрғындары да қатты зардап шеккен. Қарағандыдан 27 километр қашықтықтағы Сырытөбе ауылының тұрғындары пойызбен жедел түрде эвакауцияланған. Мұнда су жолдарды шайып кеткендіктен көлікпен жүру мүмкін болмай қалған. Бұған қоса, Шерубай-Нұра өзеніндегі су көтерілгендіктен, Ақсу ауылы тұрғындары да эвакуацияланған.

Су тасқынынан зардап шеккен кейбір тұрғындар "шенеуніктер қарды уақытында күреп әкетіп, бөгеттегі суды жіберіп отырғанда, жауын суына арналған канализация да дұрыс жұмыс істеп тұрғанда мұндай апат болмайтын еді" дейді.

Төтенше жағдай қызметкерлері апаттан құтқару және апат салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.

XS
SM
MD
LG