Accessibility links

Ресейлік ғалымды "Украина тыңшысы" деп соттап жатыр


Ресейдің Калининград облысындағы Балтық теңізі жағалауында жүрген "Зубр" десанттық кемесі. (Көрнекі сурет).
Ресейдің Калининград облысындағы Балтық теңізі жағалауында жүрген "Зубр" десанттық кемесі. (Көрнекі сурет).

Петербургте ғалым, отставкадағы бірінші дәрежелі капитан, 69 жастағы Владислав Никольскийдің үстінен "тыңшылық жасады" деген айыппен сот жүріп жатыр.

Тергеу деректері бойынша, 2011 жылы Никольский әскери-теңіз флотының қаруландыру және кеме жасау ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері болып жүрген кезінде техникалық құжаттар бөлімі бастығынан әлемдегі ең үлкен десанттық "Зубр" кемесінің жөндеуден өткзу құжаттарын алған.

Тергеушілер "Никольский құжатты таңбалап, екі электрондық почта ашқанын" айтады. "Ол екі почтаға "Зубр" туралы 10 мың бет материалды жүктеп, тапсырыс берушіге SMS арқылы почталардың логины мен құпия сөзін жіберген".

Көп ұзамай электрондық почтаға салынған құжаттарды Украинада тіркелген IP адрестердің қолданушылары қараған.

Айыптаушылардың ұйғарымынша, "Никольский құжат контрабандасын жасаған. Құжат қару-жарақ пен әскери техника жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін".

Тергеушілер әуелде материалдарда құпия мәліметтер жоқ деп санаған. Бірақ кейін құжаттар арасында 2000 жылдардың ортасында құпияландырылған әскери кемелер стандарттарының каталогы табылған. Федералдық қауіпсіздік қызметі ұлттық қауіпсіздікке бұдан келген шығынды "200 мың АҚШ доллары" деп бағалаған.

Ғалым айыпты деп танылса 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

1970 жылдардың соңында жасалған "Зубр" кемесі біраз елге, соның ішінде НАТО елдеріне экспортталған.

XS
SM
MD
LG