Accessibility links

АҚШ Ресейдің Иранға С-300 кешенін жіберуіне алаңдайды


Ресейдің С-300 зениттік зымыран кешені. (Көрнекі сурет).

Ресейдің С-300 зениттік зымыран кешені. (Көрнекі сурет).

АҚШ Ресейдің Иранға С-300 зениттік зымыран кешенін сатуға салған тыйымын алып тастау шешіміне алаңдаушылық білдірді. Бұл жайында Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест мәлімдеді. Ол АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Вашингтонның мұндай алаңдаушылығын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа телефон арқылы сөйлескенінде жеткізгенін айтты.

Джош Эрнесттің сөзінше, Мәскеудің бұл қадамы Тегеранмен ядролық бағдарламасын шектеу жайлы түпкілікті келісім жасауда Иранға салынған санкцияларды жоюға кедергі келтіруі мүмкін. Ол Ресей сияқты елдермен бірлікте және үйлесе қимылдаудың келіссөздің табысты болуында маңызды екенін айтты.

Иранмен түпкілікті келісімді 30 маусымға дейін жасау жоспарланған. Бірақ Иранға салынған халықаралық санкциялардың қашан алынатынына қатысты нақты келісім әлі жасалған жоқ.

13 сәуірде Ресей Иранға 2010 жылы салынған С-300 зениттік зымыран кешенін жеткізу тыйымын жойып, "Мұнайды тауарға айырбастау" бағдарламасын қайта қосқан.

Сәуірдің басында әлемдік алты держава Тегеранмен ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне халықаралық санкцияларды жою туралы алдын-ала келісім жасасқан. Джош Эрнест "Мұнайды тауарға айырбастау" бағдарламасы АҚШ - пен басқа да батыс елдерінің Иранға салған және әлі күшінде тұрған санкцияларына қайшы келеді деді.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Иранға С-300 кешенін жөнелту шешімі БҰҰ шешіміне қайшы келмейді және Таяу Шығыс аймағына қауіп-қатер төндірмейді деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG