Accessibility links

Қарағандыда тасқыннан бірнеше көпір қирады


Су басқан Сарытөбе ауылындағы құтқарушылар бригадасы. Қарағанды облысы, 12 сәуір 2015 жыл.

Су басқан Сарытөбе ауылындағы құтқарушылар бригадасы. Қарағанды облысы, 12 сәуір 2015 жыл.

"Қарағанды облысында су тасқынынан Бұқар Жырау, Нұра аудандарында бірнеше көпір қирады" деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұра аудандық әкімдігінің хабарлауынша, Құланөтпес өзеніндегі мұз көшкіні мен су тасқынынан аудандық маңызы бар Ізенді-Соналы жолында орналасқан Кеңжарық ауылының көпірі мен Баршын-Тікенекті жолындағы көпір бұзылған. Бұған қоса, Астана-Қорғалжын-Баршын-Шұбаркөл жолындағы көпір тіреулерін де су бұзып кеткен.

Бұдан басқа, 11-13 сәуір күндері ауданда қардың күрт еруінен пайда болған су тасқыны республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 18 учаскесін зақымдаған.

Кеңжарық, Соналы, Құланөтпес, Баршын, Жанбөбек, Тікенекті, Талдысай, Тассуат елді мекендерімен көлік қатынасы үзіліп, электр тарату тіректерінің бұзылуына байланысты Жүкей, Соналы, Құланөтпес, Нығман, Ақтөбек, Амантау ауылдарында электр жарығы өшіп қалған.

Ал Бұқар Жырау ауданында Ботақора мен Тоғызқұдық ауылдары арасында орналасқан Нұра өзеніндегі Кузнецкий көпірі қираған.

Соңғы бірнеше тәулікте күннің күрт жылынуынан Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында бірнеше ауылды су алып, мыңдаған адам көшіріліп жатыр.

XS
SM
MD
LG