Accessibility links

Израиль Иранға С-300 кешенін беруге наразылық білдірді


Ресейдің С-300 зениттік зымыран кешені. (Көрнекі сурет).
Ресейдің С-300 зениттік зымыран кешені. (Көрнекі сурет).

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Ресей президенті Владимир Путинге телефон шалып, Кремльдің Иранға С-300 зениттік зымыран кешенін беру шешіміне "абдырап қалғанын" білдірді. Израиль премьері баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, зениттік зымыран кешенін тасымалдау тыйымын жою "Иранның аймақтағы басқыншылығын тек күшейтіп, Таяу Шығыста тұрақсыздық орнауына әкеліп соқтырады"

Кремль 13 сәуір күні Путиннің зымыран кешенін тасымалдауға тыйымды жою туралы жарлығына берген ресми түсініктемесінде зымыран кешенінің "тек қорғаныс мақсатында ғана жасалғаны" және "Израиль қауіпсіздігіне қатер төндірмейтіні" айтылған.

Тель-Авивтің мәлімдеуінше, "Ресейдің бұған дейін өз еркімен енгізген тыйымнан бас тартуы 2 сәуірде Тегеран мен әлемдік алты державаның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты алдын-ала келісім жасауының нәтижесі болып саналады". Израиль 2 сәуірде Иран мен АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия арасында жасалған Иран ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне бұл елге салынған санкцияларды жою туралы алдын-ала мәмілеге наразы болған еді.

Ресейдің әрекетіне байланысты Германия канцлері Ангела Меркель "мемлекеттер Иранға салынған санкцияларды жою шешімін өзгелермен кеңесе отырып қабылдауы тиіс" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG