Accessibility links

Президент кеңсесі борышкерлерге жауап берді


Борышкерлер түстеніп отыр. Астана, 14 сәуір 2015 жыл.

Борышкерлер түстеніп отыр. Астана, 14 сәуір 2015 жыл.

Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап етіп наразылық танытып жатқан проблемалық борышкерлер президентке жазған хаттарына жауап алған.

Ипотекалық пәтер алуға бір кездері банктен несиеген алған қарыздарын қайтара алмай, үкіметтен жәрдем сұраған борышкерлер бұған дейін, 17 наурызда, Қазақстанның қазіргі президенті әрі президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлауалды бағдарламасына банкке борышкерлерді қайта қаржыландыру туралы өздерінің бірнеше ұсынысын қосуды сұрап ұжымдық хат жазған. Борышкерлер қайта қаржыландыруды "халықаралық талаптар" бойынша жүргізуді, яғни мемлекеттің борышкер қарызының 50 пайызын төлеп беріп, банктердің "форс-мажорлық жағдайларды ескеріп, несиені жоюын" ұсынған.

Борышкерлердің "Халыққа баспанасын қалдырайық" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаевтің Азаттыққа айтуынша, президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі жолдаған хатта Ұлттық банктің ипотекалық несиелер мәселесін шешу шараларын даярлап жатқаны және бұл мақсатқа 130 миллиард теңге бөлінгені айтылған. Бұған қоса ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасын жасау үшін ведомствоаралық жұмысшы тобы құрылғаны, бағдарлама бойынша заңға сай әлеуметтік жағынан әлсіз деп танылған борышкерлердің несиелерін қайта қаржыландыруға басымдық берілетіні жазылған. Ал борышкерлердің қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысты ұсыныстары Ұлттық банк қарауына жолданған.

Бірақ, борышкерлер хатта келтірілгендей жауапты бұған дейін Ұлттық банк тарапынан бірнеше рет алғандарын және оған қанағаттанбайтынын, мәселелері шешілетініне президент әкімшілігінен кепілдеме хат алмайынша тарқамайтындарын айтып, қайтара хат жазған.

Есенбек Өктешбаев бұған қоса бүгін акция өткізіп жатқан маңдағы асхана, кафелер, дәретханалар жабылып қалғандықтан қиындық көріп отырғанын да айтты.

Астанаға Қазақстанның бірнеше облысынан сәуірдің 7-ісінде жиналған борышкерлер содан бері өз мәселелерін шешіп беруді талап етіп тұр.

XS
SM
MD
LG