Accessibility links

Кушаев миграция полициясы мен БҰҰ өкілдігі үстінен шағымданды


Өзбекстандық босқын Әбдірешид Кушаев. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.

Өзбекстандық босқын Әбдірешид Кушаев. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.

Өзбекстаннан наурыз айында Қазақстанға қашып келген Әбдірешид Кушаев Алматының Алмалы аудандық сотына қалалық ішкі істер департаменті миграциялық полиция басқармасы үстінен және БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының Алматыдағы басқармасы үстінен шағым түсірді. Бұл жайында бүгін Азаттық тілшісіне Кушаевтің өзі хабарлады. Ол шағым бергенін растау үшін шағымның сот кеңсесінде тіркеліп, мөр қойылған көшірмесін көрсетті.

Кушаев шағымында миграциялық полиция мен Алматыдағы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы "босқын мәртебесін беруде көмек көрсетуден және үшінші елге жөнелтуден бас тартқанын" жазған.

"Миграциялық полиция мен БҰҰ басқармасы маған көмек көрсетуден бас тартып, жағдайымды қиындатып отыр" деген Кушаев шағымда. Ол соттан миграциялық полиция мен БҰҰ басқармасын өзіне "үшінші елге кетуге қажетті жол құжаттарын беруге" және Алматыға келген күнінен бастап кеткен күніне дейінгі тұрып жатқан шығындарын өтеп беруге міндеттеуді" сұраған.

9 сәуірде Алматының миграциялық полиция басқармасы Кушаевқа "Өзбекстан билігі тарапынан қуғын көрмеген" деп босқын мәртебесін беруден бас тартқан.

Миграциялық полиция шығарған шешімде "Өтініш беруші қандай да бір партияда, ұйымда, топта, саяси, діни, әскери немесе қоғамдық ұйымдар құрамына кірмеген. Өтініш берушіде босқын түсінігін ашатын белгілер бойынша қуғын көру қаупі жоқ, себебі ол комиссиямен әңгімелесу кезінде де, комиссия отырысында да өзін қуғындағанына қатысты фактілерді көрсете алмаған" делінген.

Азаматтығы жоқ Әбдірешид Кушаев Өзбекстаннан Қазақстанға наурыздың 3-інде қашып шыққан. Ол өзбек-қазақ шекарасын тау арқылы жаяу заңсыз кесіп өтіп, 5 наурызда Қазақстан территориясына кірген. Келесі күні ол Алматыға келіп, миграциялық полиция басқармасынан өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған. Қазір Кушаев Алматыда миграциялық полицияның өзіне үш ай мерзімге берген босқын мәртебесін алуға үміткер куәлігімен тұрып жатыр.​

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG