Accessibility links

Астанада наразы борышкерлерді полиция ұстаған


Наразы борышкерлердің Астанадағы акциясы. 14 сәуір 2015 жыл.
Наразы борышкерлердің Астанадағы акциясы. 14 сәуір 2015 жыл.

Астанада он күннен бері қала орталығында наразылық танытып жатқан бірнеше борышкерді бүгін полиция ұстап әкеткен. Борышкерлердің бірі Мақсат Ілиясұлының Азаттыққа айтуынша, бүгін жергілікті уақытпен сағат 10 шамасында полиция жеті борышкерді - кейбірін жалдап тұрып жатқан пәтерінен, кейбірін наразылық танытып жатқан орыннан ұстап әкеткен.

- Борышкерлерді Есіл аудандық ішкі істер басқармасында ұстап отыр. Біз әлгінде Есіл аудандық ішкі істер басқармасына барған едік, бірақ, ішке кіргізбеді, мән-жайды сұрап білетін кезекші прокуроры жоқ екен. Қалалық прокурордың атына кезекші прокурордың бізге шығып жауап беруін сұрап арыз жаздық, - деді Мақсат Ілиясұлы.

Оның сөзінше, борышкерлерге кеше Астанаға Алматыдан азаматтық белсенді Қанағат Тәкеева бастаған бір топ адам барған.

"Кеше борышкерлерге келген топ адам шу шығарып, соңы төбелес болған. Оларды бастап барған Қанағат Тәкеева "бізге қол жұмсады" деп борышкерлердің үстінен полицияға арызданған. Борышкерлерді сол арыздан кейін ұстаған" дейді Мақсат Ілиясұлы.

Ұсталғандар арасында "Халыққа баспанасын қалдырайық" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев, белсенді Бақытгүл Сүлейменова бар.

Мақсат Ілиясұлы ұсталған борышкерлерден басқалары қазір Астанада күнделікті жиналатын жерде тұрғандарын айтады.

Астананың Есіл аудандық ішкі істер басқармасының кезекші қызметкері борышкерлердің ұсталуына қатысты Азаттыққа ақпарат беруден бас тартты.

Қазақстанның бірнеше аймағынан келген 100 шақты борышкер ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап етіп, Астананың іскерлік орталығына сәуірдің 7-сінен бері келіп жүр. Олар алдағы президент сайлауына түсетін негізгі фаворит кандидаттың сайлауалды бағдарламасына проблемалық несиелерге қатысты жағдайды реттеу тетіктерін енгізуді талап етеді.

XS
SM
MD
LG