Accessibility links

Режиссер Сенцов айыптау қорытындысын алған


Украиналық кинорежиссер Олег Сенцов.

Украиналық кинорежиссер Олег Сенцов.

Қырымды аннексиялап алған Ресей билігі тұтқындағы украиналық режиссер Олег Сенцовқа айыптау қорытындысы тапсырған. Оның адвокаты Дмитрий Динзенің айтуынша, Сенцовқа «терроризм» және «заңсыз қару-жарақ сақтау» баптары бойынша айыптар тағылған.

Ресей билігі Сенцов пен Украинаның тағы үш азаматын былтыр мамырда Симферополь, Ялта және Севастопольде «терактілер жасауға дайындалған» деген күдікпен қамауға алған. Қазір Сенцов Мәскеудегі «Лефортов» түрмесінде отыр.

Еуропалық кино академиясы Ресей президенті Владимир Путинге үндеуінде Сенцовты тұтқындау себептерін түсіндіруге шақырған. Хатқа қол қойған аты әйгілі кинорежиссерлер арасында Агусти және Педро Альмодовар, Вим Вендерс, Анджей Вайда, Кшиштоф Занусси пен Даниэль Олбрыхскийлер бар.

Путинге жақын адамдардың бірі саналатын ресейлік кинорежиссер Никита Михалков, Украина режиссерлері одағының директоры Сергей Тримбач та Сенцовты босатуды сұрап былтыр маусым айында Путинге өтініш білдірген.

XS
SM
MD
LG