Accessibility links

Қытайда журналист Гао Ю жеті жылға сотталды


Қытай журналисі Гао Юдың 2007 жылы Гонконгте өткен медиафорум кезіндегі суреті.

Қытай журналисі Гао Юдың 2007 жылы Гонконгте өткен медиафорум кезіндегі суреті.

Қытай билігі 71 жастағы журналист әйел, баспасөз еркіндігін қорғауға қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО ұйымының Гильермо Кано атындағы халықаралық сыйлығын иелеген Гао Юды «мемлекеттік құпияны жариялағаны» үшін жеті жыл мерзімге түзеу лагеріне жіберу туралы үкім шығарған.

2014 жылы тұтқындалған Гао Юға Қытай коммунистік партиясының бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетті бақылаудың принциптері және әдістері туралы «9-нөмірлі құжат» деп аталатын құпия нұсқаулығын жария еткен деген айып тағылған. Бұл құжат АҚШ-та орналасқан қытай оппозициялық сайттарының бірінде жариялаған. Арнайы қызметтер бұл құжат қолына түскен соң Гао Ю оны шетелге жіберген деп санайды.

Қытай мемлекеттік телеарнасы диссиденттің өзіне тағылған айыптарды мойындағаны туралы сюжет көрсеткен. Бірақ сотта Гао Ю өзінің кінәсі жоғын мәлімдеп, тергеу кезінде өзіне қоқан-лоқы жасалған соң видеокамераға «айыбын мойындауға» мәжбүр болғанын айтқан. Ол сот үкіміне шағым беретінін мәлімдеген.

Гао Ю Германияның «Неміс толқыны» және АҚШ-тың «Азат Азия» радиосына жұмыс істеген.

Халықаралық баспасөз институты 2000 жылы Гао Юды 20-ғасырда журналистер бостандығы үшін күрескен 50 қаһарманның тізіміне енгізген.

XS
SM
MD
LG