Accessibility links

Тасқыннан 500-ден аса адамды эвакуациялаған


Садовое ауылындағы су тасқыны. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 15 cәуір 2015 жыл.

Садовое ауылындағы су тасқыны. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 15 cәуір 2015 жыл.

Өткен тәулікте тасқын аймақтарынан 545 адам эвакуацияланған деп хабарлады бүгін Қазақстан ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті.

Олардың негізгі бөлігі Ақмола облысы Целионград ауданында Нұра өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты төрт елдімекенде су астында қалған 40 шақты үйдің тұрғындары. Бұл ауданда эвакуациялық жұмыстармен қоса үш адам құтқарылған деп хабарланды.

Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің ақпараты бойынша, соңғы тәулікте 575 үй тасқын судан тазартылған. Сонымен бірге, Ақмола облысында 44 үй, Петропавл қаласы маңында бір үй және Қарағанды облысында 541 үй әлі суда қалып отыр.

Су басқан аймақтардың барлығында елдімекендерді судан тазарту, үйлер мен жолдардың іргесіне құм төсеп, бекіту жұмыстары атқарылып жатқаны айтылады. Алты облыста тасқын су бұзып өткен 140 автокөлік жол учаскелерінің 63-і қалпына келтірілген.

Ресми мәліметтерде су деңгейі төмендей бастағаны байқалып отырғаны және Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір ауылдарында тұрғындар үйлеріне қайтып оралғаны айтылған.

Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің ақпараты бойынша, наурыздың 23-інен бері Қазақстанда 16 мыңнан аса адам эвакуацияланған.

XS
SM
MD
LG