Accessibility links

Жерорта теңізінде апат құрбандарын іздеп жатыр


Жерорта теңізі арқылы Еуропаға жетпек болған заңсыз мигранттар мінген қайық. (Көрнекі сурет)
Жерорта теңізі арқылы Еуропаға жетпек болған заңсыз мигранттар мінген қайық. (Көрнекі сурет)

Жерорта теңізінде өткен түні кеме аударылған маңда іздестіру операциясы жалғасып жатыр. Апатқа ұшыраған кемеде 700-дей адам отырған деген болжам бар деп хабарлайды France Press. Соңғы деректер бойынша, апат болған маңнан өтіп бара жатқан португалиялық сауда кемесі 28 адамды құтқарған.

«Егер кемеде 700 адам болғаны расталса, онда бұл Жерорта теңізіндегі ең ауыр апат болмақ» деп мәлімдеген БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының ресми өкілі Карлотта Сам.

Қазір апат болған жерде Италия мен Мальта құтқарушылары іздестіру шараларын жүргізіп жатқаны хабарланды.

Теңізден 21 адамның жансыз денесі табылғаны туралы Италия баспасөз құралдары таратқан ақпарат әзірше ресми орындар тарапынан расталған жоқ.

Жексенбіге қараған түні Италияның жағалау күзет қызметі Жерорта теңізіндегі кемеден құтқару туралы жәрдем сұраған дабыл белгісін алған. Италияның Лампидуза аралынан 200 шақырымдай теңізде жәрдем сұраған кеме өзіне Португалияның сауда кемесі жақындай бергенде бір бүйіріне қарай аунап түскен.

Италияға Солтүстік Африкадан теңіз арқылы келіп жатқан заңсыз мигранттар ағыны толастамай отыр. Олардың арасында жағалауға жете алмай ашық теңізде апатқа ұшырап қаза табатындары аз емес.

XS
SM
MD
LG