Accessibility links

Израиль саясаткерлері Мәскеудегі парадқа бармайды


Израиль президенті Реувен Ривлин.

Израиль президенті Реувен Ривлин.

19 сәуірде Израильдің ИТВ телеарнасы "Израильдің жоғары шенді бірде-бір саясаткері Мәскеудегі 9 мамыр күні өтетін Жеңіс парадына қатыспайды" деп хабарлады. Израиль үкіметінің ресми түсіндіруінше, "Жеңістің 70 жылдығына орай Мәскеуде өтетін парадқа баруға израильдік саясаткерлердің бос уақыты жоқ".

Мәскеудегі парадқа қатысуға Израиль президенті Реувен Ривлиннің өзі жеке шақыртылған. Бірақ ол 9 мамыр сенбіге сәйкес келетіндіктен Мәскеуге бара алмайтынын хабарлаған. Ривлен еврей дәстүрін сақтайтындықтан, иудейлердің сол күнгі "шабат" рәсімін бұза алмайды. Бұған қоса, ол сол күндері Германияда болып, екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 50 жыл толғанын атап өтеді.

Израильдің бұрынғы президенті Шимон Перес пен сыртқы істер министрі Авигдор Либерман да түрлі себептермен Мәскеуге барудан бас тартты. Бірнеше күн бұрын Израиль парламенті депутаты мен абсорбция министрі Софа Ландвер де Мәскеуге сапарынан бас тартқан. Телеарна ақпаратына қарағанда, парадқа Израиль атынан Мәскеудегі елші Дорит Голендер ғана қатысады.

Бірақ телеарна Иерусалимнің Мәскеудегі парадқа қатысудан бас тартуының шынайы себебі "Ресейдің Иранға С-300 зениттік зымыран кешенін жеткізу салынған тыйымды жоюы болып отыр" деп болжайды.

XS
SM
MD
LG