Accessibility links

Цукановты Астанаға барарында полиция ұстады


Азаматтық белсенді Андрей Цуканов.

Азаматтық белсенді Андрей Цуканов.

Азаматтық белсенді Андрей Цукановты 19 сәуірде 2-Алматы темір жол вокзалында Астанаға баратынынан бірнеше минут бұрын полиция ұстады. Бұл жайында бүгін Азаттық тілшісіне Цукановтың өзі хабарлады. Андрей Цуканов Астанаға онда бірнеше күн наразылық танытып жатқан борышкерлерге қолдау көрсету үшін бармақ болған.

Цуканов кеше Facebook-те ұсталуына өзіне қарсы жазылған арыз себеп болғанын жазған. Оның сөзінше, арыз иесі оны "жалған ақпарат таратты" деп айыптаған.

Цуканов өзін 19 сәуірде екі рет, әуелі таңертең, екінші рет вокзалда ұстағанын айтады. "Алғаш ұстағанда маған түсінік жаздырып алып, тергеуші Азиз Ходжаев шағым берушімен бетпе-бет кездестіру үшін полицияға шақырту бермек болды" дейді белсенді.

Алматының Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөлімі Азаттыққа 19 сәуірде Цукановтың екі рет ұсталып, ішкі істер басқармасына әкелгенін растады. Бірақ кезекші бөлім қызметкері тергеу құпиялығына сілтеп, Цукановтың қай уақытта және не үшін ұсталғанын айтудан бас тартты.

Қазақстанның бірнеше облысынан жиналған борышкерлер екі аптаға жуық уақыттан бері президенттікке басты кандидат Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап етіп, наразылық акциясын өткізіп жатыр. Борышкерлер Назарбаевқа сайлауалды бағдарламасына өздерінің мәселесін шешу бойынша бірнеше ұсыныс жасамақ.

XS
SM
MD
LG