Accessibility links

Сирия оппозициясы Қазақстаннан келіссөз өткізуді сұраған


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Сирияның бірқатар оппозициялық топтары президент Нұрсұлтан Назарбаевтан Сириядағы әскери қақтығысты реттеу туралы келіссөз өткізуді сұраған. Бірақ министрлік өтініштің нақты кімнен, я қай топтардан түскенін ашып айтпады.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев "Қазақстан тиісті тараптар үшін қажетті үнқатысу алаңын ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін және хат авторларын бірінші бейресми және көпшіліксіз пікіралмасу отырысын өткізу үшін Астанаға шақыру мәселелері" қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Оның мәлімдемесінде "Қазақстанның Сирия қақтығысы тек бейбіт жолмен ғана шешіледі деген позиция" ұстанатыны да жазылған.

Әбибуллаевтың мәлімдеуінше, "Сирия президенті Башар Асадтың делегаттары бейбіт келіссөздерден шет қалмауы тиіс". Ол Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың "Қазақстанның Сирия дағдарысын шешіп тастау амбициясы немесе бұған дейін Женева және Мәскеуде өтіп келген келіссөздердің орнын алмастыру ниеті жоқ" деген сөзін келтіреді.

Бұған дейінгі Женева мен Мәскеуде өткен келіссөздерге Асадтың да және Сирия оппозициясының да өкілдері қатысқанымен, айтарлықтай нәтиже шықпаған.

Сириядағы оппозиционерлердің бірі Ранда Кассис сәуірдің басында Назарбаевқа белсенділермен кездесуге туралы өтініш жолданғанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG