Accessibility links

Экологиялық ұйым Березовка туралы фильм көрсетті


Березовка ауылындағы проблемаға қатысты баспасөз жиынын өткізіп отырған белсенділер Сергей Куратов (солдан оңға қарай), Светлана Хижниченко және Сергей Соляник. Алматы, 21 сәуір 2015 жыл.
Березовка ауылындағы проблемаға қатысты баспасөз жиынын өткізіп отырған белсенділер Сергей Куратов (солдан оңға қарай), Светлана Хижниченко және Сергей Соляник. Алматы, 21 сәуір 2015 жыл.

Бүгін Алматыда Қазақстандық халықаралық адам құқықтары бюросында "Экологическое общество зеленое спасение" қоғамдық ұйымы өкілдері Сергей Соляник пен Сергей Куратов Березовкадағы жағдай туралы түсірген үш-төрт минуттық шағын фильмін көрсетті. Фильмде 2014 жылдың қараша айында талып құлаған балалар жайлы көрсетіледі.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қоғамдық ұйым өкілдері Березовкадағы оқушылар мен тұрғындардың талып құлауы тоқтамай, қайталанып жатқанын айтып үкіметтен Березовка ауылы тұрғындарын қауіпсіз жаққа дереу көшіруді талап етті. Белсенділер бұған қоса биліктен жергілікті төтенше оқиғаларды тексеруді, "денсаулықтарына зақым келген балаларға өтемақы төлеуді де талап етті.

Қоғамдық ұйым өкілдері өздерінің "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниясы мен жергілікті әкімшілікке және басқа да мекемелерге талаптарын айтып хат жолдағанын айтады.

Экологиялық белсенділер Березовкадағы проблема жайлы бұған дейін 2003, 2004 және 2013 жылдары үш фильм түсірілгенін айтады.

Былтыр қараша айында Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылында бір күнде 20-дан аса бала талып қалған. Ауруханаға басы айналып, денесі тырысқан 31 адам (оқушылар мен мұғалімдер) жеткізілген. Дәрігерлер «газ баллонынан уланған немесе шаршағанның әсері» деген алғашқы болжам жасаған, бірақ жергілікті тұрғындар, ал кейін прокуратура Қарашығанақ кенішінен ауаға күкіртті сутегі тарағанын мәлімдеген. Сәуірдің ортасында уланған балалардың ата-аналары балаларынан "ұйқы дертінің" белгілері де байқала бастағанын айтқан.

Сәуір айының басында Қазақстанға келген БҰҰ-ның улы қалдық заттар жөніндегі арнайы өкілі Башкут Тунчак Ақмола облысындағы Калачи және Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындарын көшіру қажет деген.

XS
SM
MD
LG