Accessibility links

Йеменде хуситтерге қарсы әскери операция аяқталды


Сауд Арабиясы әскерилері Йемендегі хусит жасақтарын минометтен атқылап жатыр. 21 сәуір 2015 жыл.

Сауд Арабиясы әскерилері Йемендегі хусит жасақтарын минометтен атқылап жатыр. 21 сәуір 2015 жыл.

Сауд Арабиясы бастаған араб елдері коалициясы Йемендегі шииттік хусит көтерілісшілеріне қарсы әскери операциясын аяқтады. Сауд Арабиясы өкілі, бригада генералы Ахмед Асеридің мәлімдеуінше, "әскери операциялар өз мақсатына жетті" және енді бұл елдегі дағдарысты "саяси жолмен шешу, қауіпсіздік, терроризммен күрес, көмек жеткізуге" назар аударылады. "Қажет болған жағдайда хуситтерге қарсы әуе шабуылы қайта жалғасуы ықтимал" дейді Ахмед Асери.

Батыс ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Йемендегі дағдарысты шешу енді әскери емес, саяси жолдармен жүргізілмек.

Йеменде былтыр күзде хусит көтерілісшілері елдің көп бөлігін және астанасы Сана қаласын басып алып, президент Абд Раббу Мансур Хадиді елден қашуға мәжбүр еткен. Соңғы бір ай көлемінде араб елдері коалициясы хуситтердің ауыр әскери техникаларын жою үшін әуеден шабуыл жасаған. Абд Раббу Мансур Хади билігі "хуситтерге әскери қолдау көрсетіп отыр" деп Иранды айыптайды.

XS
SM
MD
LG