Accessibility links

Партиялар халықты сайлауға толық қатысуға шақырды


Астанадағы кезектен тыс президент сайлауының мерзімі туралы билборд. 8 сәуір 2015 жыл.

Астанадағы кезектен тыс президент сайлауының мерзімі туралы билборд. 8 сәуір 2015 жыл.

Бүгін Алматыда баспасөз клубында "Нұр Отан", "Ақ жол", Ауыл", "Бірлік" партиялары, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы мен Патриоттар партиясы өкілдері жиын өткізіп, халықты 26 сәуірде өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысуға шақырды.

Партиялардың Алматы қалалық филиалдарының өкілдері жиында азаматтарды сайлауға толық қатысуға шақырды. Партиялар мәлімдемесінде "26 сәуірде сіздер тек президентті сайлап қана қоймай, сонымен қатар еліміздегі өмірге деген өз көзқарастарыңызды жақсы жаққа қарай бұруға қаншалықты дайын екендеріңізді анықтайсыздар" делінген.

Жиында журналистер партиялар өкілдерінен бұған дейін ақпарат құралдарында жарияланған биыл Қазақстанда парламент сайлауы өтеді деген ақпарат рас па деп сұрады. "Нұр Отан" партиясының Алматы қалалық филиалы жетекшісі Кенжехан Матыжанов "парламент сайлауы туралы мәлімдеме жасалмағанын" және биыл Қазақстанда "парламент сайлауы болмайтынын" айтты.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірде өтеді. Президенттікке "Нұр Отан" партиясы атынан қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы атынан Тұрғын Сыздықов пен өзін-өзі ұсынған Қазақстан кәсіподақтары федерациясының жетекшісі Әбілғазы Құсайынов кандидат ретінде тіркелген.

Бұған дейін Патриоттар партиясы, "Ақ жол" партиясы Назарбаевтың кандидатын қолдайтынын мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG