Accessibility links

Түркия Австриядағы елшісін "геноцидке" орай шақыртты


Еревандағы 1915 жылғы геноцид құрбандарына арналған Цицернакаберд ескерткіш кешені. 21 сәуір 2015 жыл.

Еревандағы 1915 жылғы геноцид құрбандарына арналған Цицернакаберд ескерткіш кешені. 21 сәуір 2015 жыл.

Австрия парламентіндегі алты партия жүз жыл бұрын Осман империясында армяндардың қырылуын геноцид деп таныған декларация қабылдаған соң Түркия бұл елдегі елшісін шақыртып алды. 22 сәуірде Декларацияға алты партия өкілдері қол қойып, парламентте құрбан болған армяндарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Декларацияда "Біздің міндет - сол бір қорқынышты оқиғаларды айыптап, оны геноцид деп тану, себебі бұл бізге тарихтың өзі жүктеген міндет. Австро-Венгрия империясы бірінші дүниежүзілік соғыста Осман империясының одақтасы болды" делінген.

Бірқатар тарихшылар мен кейбір елдер Осман империясында миллионнан астам армянның қырылуы мен депортациялануын "геноцид" деп санайды.

Бірақ, Түркия қырылған армяндар саны "асыра көрсетілген" және армяндар империяның христиандық азшылықты жаппай қыру саясатынан емес, "азаматтық соғыс салдарынан қырылды" деуден танбай келеді.

Ертең, 24 сәуірде Арменияда бұл қырғынға 100 жыл толуына орай еске алу шаралары өтеді.

XS
SM
MD
LG