Accessibility links

Ресей: АҚШ Минск келісімін бұзып отыр


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керриге АҚШ әскерилерінің Украина ұлттық гвардиясы күштерін дайындықтан өткізуі Донбасстағы қақтығысты тоқтату туралы Минск келісімін бұзатынын айтты.

Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Лавров бұл айыптауды Керримен телефонмен сөйлескенінде білдірген. Бірақ АҚШ мұндай айыптауды жоққа шығарған.

20 сәуірден бастап Украинаның Львов қаласында америкалық 300-ге тарта десантшы украин әскерін жаттықтыра бастаған. Львов қаласы Шығыс Украинадағы үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасында қақтығыс жүріп жатқан аймақтан 1 мың километрге жуық қашықтықта орналасқан.

Ақпанның 12-сінде Минскіде Германия мен Францияның ара ағайындығымен жасалған келісім бойынша қақтығысушы тараптар Шығыс Украинадан барлық шетелдік "қарулы құрылымдар" мен жалдамалы әскерилерді, қару-жарақтарды шығаруы тиіс болған.

Киев пен батыс елдері Ресейді сепаратистерге әскери қолдау көрсетіп, әскер мен қару-жарақ жібереді деп айыптайды. Бірақ Ресей оны жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG