Accessibility links

Лукашенко: Минск Грузия тұтастығын қолдайды


Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) Грузия президенті Георгий Маргвелашвилимен кездесуде. Тбилиси, 23 сәуір 2015 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) Грузия президенті Георгий Маргвелашвилимен кездесуде. Тбилиси, 23 сәуір 2015 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко Минск Грузияның территориялық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл жайлы ол 23 сәуірде Тбилисиде Грузия президенті Георгий Маргвелашвилимен кездесуден соң айтты. Лукашенко бұл сөзі арқылы Грузияның Мәскеу қолдайтын жікшіл Абхазия мен Оңтүстік Осетия аймақтарының тәуелсіздігін мойындамайтынын білдірді.

Лукашенконың сөзінше, Беларусь "Грузия территориясының тұтастығын және оның халықаралық тұрғыда танылған шекарасын" мойындайды. Александр Лукашенко Беларусь президенті болған 20 жылдан астам уақыттан бері Грузияға ресми сапармен бірінші рет барып отыр.

Лукашенконың Грузияға сапары мен мәлімдемесі Минск Ресей Қырымды аннексиялап, Шығыс Украинада ресейшіл сепаратистерге қолдау көрсете бастағаннан кейін Мәскеудің территориялық дәмесіне аса сақтықпен қарай бастағанын көрсетеді.

Мәскеу 2008 жылы тамыз айында Грузиямен болған бес күндік соғыстан кейін Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін таныған. Бұл екі аймақ бірер ай бұрын Ресеймен "одақтастық және интеграция" келісіміне қол қойған. Екі аймақта да қазір Ресей әскерилері орналасқан.

Ресей-Грузия соғысынан соң Лукашенко "шалыс қадам жасаудан сақ болып, жақсы қарым-қатынас ұстаған әлдеқайда дұрыс" екенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG