Accessibility links

ОСК: Назарбаев әзірге 97,7 пайыз дауыс жинап тұр


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауында дауыс беріп тұр. Астана, 26 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауында дауыс беріп тұр. Астана, 26 сәуір 2015 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бүгін Астанада брифингте кезектен тыс президент сайлауының алдын-ала нәтижесін жариялап, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 97,7 пайызы даусын Нұрсұлтан Назарбаевқа бергенін хабарлады.

ОСК бұған дейін дауыс беруге сайлаушылардың 95,11 пайызы қатысқанын жария еткен. Тұрғанқұловтың сөзінше, Астана қаласындағы соңғы сайлау учаскелерінен бюллетендерді есептеу нәтижесінде дауыс беруге сайлаушылардың 95, 22 пайызы дауыс бергені белгілі болған.

Тұрғанқұлов алдын-ала есептеулер бойынша Қазақстан халықтық коммунистік партиясы ұсынған кандидат Тұрғын Сыздықов сайлаушылардың 1,6 пайыз даусын, өзін-өзі ұсынған Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы әбілғазы Құсайынов 0,7 пайыз даусын алғанын айтты. Ол алдын-ала нәтиже кеше жарияланған экзит-полл нәтижесімен "ұқсас шыққанын" да келтірді.

ОСК төрағасы сайлаудың түпкілікті нәтижесі сайлау туралы заң бойынша дауыс беру өткеннен кейінгі жеті күн ішінде, яғни 3 мамырдан кешіктірілмей жарияланатынын айтты.

Кеше билікшіл "Қазақстан азаматтық альянсы" ұйымы сайлаудың экзит-полл нәтижесін жариялап, Нұрсұлтан Назарбаевтың 97,5 пайыз дауыс алғанын хабарлаған.

Ел аумағында сауалнама жүргізгендерін айтқан "Демократия институты" қауымдастығының директоры Юлия Кучинскаяның мәлімдеуінше, экзит-полл нәтижесіне қарағанда Тұрғын Сыздықов - 1,87 пайыз, Әбілғазы Құсайынов 0,63 пайыз дауыс алған.

XS
SM
MD
LG