Accessibility links

Қазақстандағы сайлауды Қырым референдумымен салыстырды


ҰҚШҰ халықаралық бақылаушылар миссиясының төрағасы Анатолий Выборный мен өкілі Ольга Ковитиди. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

ҰҚШҰ халықаралық бақылаушылар миссиясының төрағасы Анатолий Выборный мен өкілі Ольга Ковитиди. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Бүгін Астанада брифингте Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) бақылаушыларының өкілі Ольга Ковитиди Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау кезіндегідей болған "сайлаушылар белсенділігінің" жоғары болуын тек Қырымдағы сайлауда ғана көргенін мәлімдеді.

- 97 пайыздан асқан сайлаушылар белсенділігін біз тек Қырымда ғана көрдік. Қырымда таяуда ғана референдум өтіп, онда да сайлаушылар белсенділігінің жоғары болғанын білесіздер, - деді Ольга Ковитиди.

Ол бұған қоса ҰҚШҰ миссиясының бақылауынша, Қазақстанда "заңға негізделген демократиялық, үш кандидат қатысқан бәсекелі сайлау" өткенін айтты.

ҰҚШҰ халықаралық бақылаушылар миссиясының төрағасы Анатолий Выборныйдың сөзінше, Қазақстандағы кезектен тыс сайлау "шынайы, әділетті әрі ашық түрде" өткен. Ол сайлаушылар белсенділігінің "жоғары" болуы Қазақстан халқының "құқықтық мәдениетінің жоғарылығы мен азаматтық жауапкершілігін" көрсетеді дейді.

- Олар өз қалауын біреудің қысымымен емес, өздерінің ішкі ерік-жігерімен білдірді. Қазақстанда жұмыс істеген кезімізде сайлауға ықпал ететіндей қандай да бір елеулі заң бұзушылықты байқамадық, - деді Анатолий Выборный.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірде өткен. Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметі бойынша, сайлауда қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев дауыс берушілердің 97,7 пайыз даусын жинап, жеңіске жеткен.

XS
SM
MD
LG