Accessibility links

ЕҚЫҰ: Сайлаушылардың таңдау еркіндігі шектелді


ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сайлауды бақылау миссиясының басшысы Корнелия Йонкер. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.
ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сайлауды бақылау миссиясының басшысы Корнелия Йонкер. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы Қазақстанда 26 сәуірде өткен президент сайлауында шынайы оппозицияның жоқтығынан және азаматтардың еркін білдіру құқығы шектелгендіктен сайлаушылардың таңдауы шектелді деп мәлімдеді.

ЕҚЫҰ Адам құқықтары және демократиялық институттары бюросы сайлауға бақылау жасау миссиясының басшысы Корнелия Йонкер бүгін Астанада брифингте Нұрсұлтан Назарбаев 97,7 пайыз дауыспен жеңіске жеткен сайлауда "шынайы оппозиция болмағанын" айтты. Ол "Іс басындағы президент пен оның партиясы саясатта үстемдік етеді және сайлаушыларға таңдау жасай алатындай шынайы саяси балама ұсынылмады" деді.

Корнелия Йонкер өзге кандидаттар Назарбаевтың "жетістіктерін" ашық мақтағанын айтты. Йонкер сайлауда бұқаралық ақпарат құралдары мен ой-еркін білдіру еркіндігі "кәдімгідей шектелгенін" жеткізді.

ЕҚЫҰ мәлімдемесінде "сайлаушыларға жаппай қазіргі президентке дауыс беруге және іс-шараларға қатысуға қысым жасалып жатқаны туралы сенімді деректер "үрейсіз дауыс берілді" дегенге күмән келтіреді делінген.

Бақылаушылар сайлау ұйымдасқан түрде өтті дегенімен, "дауыс беру, дауыстарды санап, нәтижені есептеу кезінде заң бұзушылықтар мен бюллетенді топтап салу оқиғалары" байқалғанын айтады.

Бұған дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы бақылаушылар миссиясының басшысы Дмитрий Мезенцев Қазақстандағы сайлау "ашық, еркін, демократиялық түрде өтті" деп мәлімдеген.

ТМД бақылаушылар миссиясы Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауында "жекелеген техникалық кемшіліктер байқалғанымен" олардың сайлау нәтижесіне ықпал етет алмайтынын айтқан. ТМД бақылаушылары "сайлауда бәсеке болғанымен Назарбаевтың беделі өзге кандидаттардан басым түскенін" айтқан.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірде өткен. Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметі бойынша,сайлауда қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев дауыс берушілердің 97,7 пайыз даусын жинап, жеңіске жеткен.

ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы сайлауды бақылауға қатысты толық есебін бірнеше аптада жарияламақ.

XS
SM
MD
LG