Accessibility links

ШҚО: Зырян ауданында тасқыннан төтенше жағдай жарияланды


Шығыс Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).

Шығыс Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).

Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында су басуға байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері Анастасия Склярдің Азаттыққа айтуынша, Зырян ауданында су тасу қаупі туындаған. Ауданның су басу аймағында орналасқан жеті елді мекенінде 28 сәуірге қараған түні тұрғындарды көшіру басталған. Склярдің сөзіне қарағанда, Быково, Баяновск, Путинцево, Зубовск, Малеевка, Парыгино және Снегирево ауылдарынан 976 адам, оның ішінде 217 бала көшірілген. Құрбан болған, я зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

Департамент өкілінің сөзінше, екі трансформатордың су басуына байланысты Зубовск, Малеевка, Новокалиновка және Путинцева ауылдары электр қуатынан ажыратылған.

Шығыс Қазақстан облысында күннің күрт жылынуы мен қардың еруі және толассыз жауын өзендер мен су қоймаларындағы су деңгейін көтерген. Қатонқарағай ауданындағы елді мекендерде де су тасу қаупі бар. Облыстағы екі жолдың кейбір бөліктерінде жол қозғалысы тоқтатылған.

Қазақстанда сәуір айында су тасқынынан Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында да ондаған елді мекен зардап шекті.

XS
SM
MD
LG