Accessibility links

Лукашенко: Беларусь - тұрақтылық аралы


Беларусь президенті Александр Лукашенко парламентте сөйлеп тұр. Минск, 29 сәуір 2015 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко парламентте сөйлеп тұр. Минск, 29 сәуір 2015 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко Еуропада "жаңа соғыс исі шығып тұрғанына" қарамастан өз елі "тұрақтылық пен тәртіп аралы" болып отырғанын мәлімдеді.

Парламентте жыл сайынғы халыққа арнаған үндеуінде Лукашенко Еуропа елдері арасындағы шиеленіс деңгейі қазір "қырғи-қабақ соғыс кезіндегі жағдайға жақын" деді. Ол бұл сөзі арқылы өткен жылы Мәскеудің Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы қақтығысқа дем беруінен кейін Ресей мен батыс елдері қарым-қатынасының шиеленісуін меңзеді.

Лукашенко бұған қоса Беларусь тәуелсіздігі бейбітшілік сақталып, экономикалық даму тұрақты болғанда ғана баянды болатынын айтты. Ол Беларусь "екінші дүниежүзілік соғыстан сабақ алғанын" да айтып, қазіргі басты мақсат бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау екенін еске салды.

60 жастағы Лукашенко Беларусьті 1994 жылдан бері басқарып келеді. Батыс елдері авторитарлық стильдегі басқару жүйесіне байланысты Беларусьті "Еуропадағы соңғы диктатура" деп атайды.

XS
SM
MD
LG