Accessibility links

Австрия соты украиналық кәсіпкер Дмитрий Фирташты экстрадициялауды сұраған АҚШ әділет министрлігінің өтінішін қанағаттандырмады.

Бейсенбі күні Вена соты 12 сағатқа жалғасқан мәжілістен соң Фирташты «коррупциялық қылмысқа қатысы бар» деген күдікпен сұратып отырған АҚШ-тың кәсіпкерге қатысты айғақ-дәлелі жеткіліксіз деген қаулы шығарған. Прокурор сот шешіміне қарсы шағым түсіретінін мәлімдеген.

Тергеу болжамы бойынша, Дмитрий Фирташ пен тағы бес адам (арасында Үндістан парламенті депутаты бар) титан өндіруге рұқсат беретін лицензияға ие болу үшін үнді шенеуніктеріне пара берген деген күдікке ілінген.

Фирташ өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп мәлімдеп, кінәсі жоғын айтады. Фирташтың адвокаттарының мәлімдеуінше, АҚШ-та кәсіпкер Дмитрий Фирташ Ресейдің мүддесін қорғайды деп санайды.

Украинадағы ең бай әрі ықпалды адамдардың бірі – 49-жастағы Дмитрий Фирташ 2014 жылы АҚШ-тың сұрауы бойынша Венада ұсталған. АҚШ билігі Фирташтың 2006 жылдан бергі іс-қызметіне тергеу жүргізген. 2014 жылы наурызда ол 125 миллион еуро кепіл төлеп бостандыққа шыққан.

XS
SM
MD
LG