Accessibility links

Генерал Бридлав: Путин Батысты ыдыратпақшы


Еуропадағы НАТО біріккен күштерінің қолбасшысы, АҚШ генералы Филип Бридлав. Вашингтон, 30 сәуір 2015 жыл.

Еуропадағы НАТО біріккен күштерінің қолбасшысы, АҚШ генералы Филип Бридлав. Вашингтон, 30 сәуір 2015 жыл.

Еуропадағы НАТО біріккен күштерінің қолбасшысы, АҚШ генералы Филип Бридлав бейсенбі күні Вашингтонда Сенаттың қарулы күштер жөніндегі комитетінің отырысында сөйлеген сөзінде Ресей президенті Владимир Путин өз іс-әрекетімен Батыс, Еуропа Одағы және НАТО арасына сына қағуға ұмтылып отыр деп мәлімдеген.

Соған қарамастан, АҚШ пен Ресей диалогқа қатысатын тұстар да бар деген пікір айтқан АҚШ генералы.

Генерал Бридлавтың бағалауынша, қазіргідей мұнай бағасының құлдырауына санкциялардың қосылуы Ресей президенті Владимир Путинге көптеген проблема тауып берген. Генералдың пікірінше, энергияны қару ретінде пайдаланып келген Ресей болашақта да сонысын жалғастыра бермек. Ресейдің Иранға С-300 зениттік-зымыран кешенін сатуға салынған тыйымды жою туралы шешіміне түсініктемесінде Бридлав бұл да келіссөздердің күн тәртібіне ықпал ету әдісі ретінде пайдаланылып отырғанын айтқан.

Бридлавтың сөзінше, жақындағы Украинадағы ұрыс-қимылдардың саябырсуын Ресей әскері шабуыл жасауға күшті қайта жинақтау үшін пайдаланып отыр.

«Олардың көптеген іс-әрекеттері жаңа шабуылдарға дайындыққа келеді» деген Филип Бридлав АҚШ Сенатының қарулы күштер комитетінде сәуірдің 30-ы күні сөйлеген сөзінде.

Еуропадағы НАТО біріккен күштерінің қолбасшысы, АҚШ генералы Филип Бридлав Украинадағы жағдай «нәзік және тұрақсыз» болып отырғанын мәлімдеген.

Ол Ресей «ұлттық күш-қуатының барлық бөлігін – дипломатиялық, ақпараттық және экономикалық, сонымен бірге әскери» тетіктерді белсенді қолданып отыр деп санайды.

Вашингтон бұндай қауіп-қатерге жауаптың кез келген түрін, соның ішінде Украинаға қару-жарақ беруді де жоққа шығармағаны жөн деп мәлімдеген Филип Бридлав.

XS
SM
MD
LG