Accessibility links

Балтиморда полиция өкілдеріне айып тақпақ


АҚШ полицейлері тәртіпсіздіктер кезінде дүкен тонамақ болған деген күдіктілерді ұстап жатыр. Балтимор, 27 сәуір 2015 жыл.

АҚШ полицейлері тәртіпсіздіктер кезінде дүкен тонамақ болған деген күдіктілерді ұстап жатыр. Балтимор, 27 сәуір 2015 жыл.

АҚШ-тың Балтимор қаласының прокуратурасы жергілікті полицияның алты офицеріне қатысты қылмыстық іс қозғайтынын хабарлады. Оған полиция ұстаған Фредди Грей есімді қара нәсілді жігіттің ауыр жараланып, кейін қайтыс болғаны себеп болған.

Прокурор Мэрилин Мосби бұл мәлімдемені 25 жастағы Фредди Грейдің мезгілсіз қазасынан кейін екі апта өткенде жасаған. Грейдің өлімі Балтиморда наразылық туғызып, оның арты жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан. Наразылық танытушылар дүкендерді тонап, ғимараттар мен көліктерді өртеген. Тәртіпсіздіктен кемінде 15 полицей жараланып, 25-тен аса адам тұтқындалған.

Мосби полиция Грейді «заңсыз ұстап, кейін оны өлтірген» деп мәлімдеген. Прокурор мәлімдемесінен бірнеше сағат бұрын осы оқиғамен байланысты барлық жайттарға жүргізілген тергеу қорытындысымен танысқан.

Фредди Грейді тасыған полиция көлігінің жүргізушісіне кісі өліміне байланысты ауыр айып тағылмақ. Тергеу болжамы бойынша, полиция көлігінде Фредди Грей мерттіккен. Мэрилин Мосби көлікте Грейдің қолында кісен болғанымен, полиция өкілі оны қауіпсіздік белдігімен байламай, ереже талаптарын бұзған деп мәлімдеген.

Қалған бес полиция қызметкеріне «байқаусызда адам өлтіру», «шабуыл» және «заңсыз тұтқындау» баптары бойынша айыптар тағылмақ. Күдіктілердің алтауы да қызмет міндеттерін атқарудан шеттетілген.

Балтимордағы оқиғаларға қатысты жұма күні айтқан сөзінде АҚШ президенті Барак Обама қазір жұрт бәрінен бұрын шындықты білгісі келіп отырғанын, сондықтан бұл істе ақиқатты ашудың өте маңызды екендігін айтқан.

XS
SM
MD
LG