Accessibility links

Стамбулдағы қақтығыста 140-қа жуық адам ұсталған


Полиция Таксим алаңы маңында наразылық кезінде ұсталған адамды әкетіп бара жатыр. Стамбул, Түркия, 1 мамыр 2015 жыл.

Полиция Таксим алаңы маңында наразылық кезінде ұсталған адамды әкетіп бара жатыр. Стамбул, Түркия, 1 мамыр 2015 жыл.

Түркияның Стамбул қаласындағы Таксим алаңына жақын маңда жұма күні полициямен қақтығыс барысында 140-қа жуық адам ұсталған. Бұл туралы жергілікті полиция хабарлаған.

Бұған дейін наразылық акциялары өткен алаң маңында мамырдың 1-і күні президент Режеп Тайып Ердоғанды сынаушылар қарсылық шарасын өткізбекші болған. Шеруге шыққандар Ердоғанды елде маусым айында өтетін кезекті сайлау қарсаңында репрессиялық шараларды қолданып жатыр деп айыптаған.

Таксим алаңына өтпек болғандардың жолын полиция бөгеген соң шерушілер мен полицейлер арасында қақтығыстар болған. Полиция өздеріне тас пен петардалар лақтырған демонстранттарға қарсы су және көзден жас ағызатын газ шашқан. Қақтығыстар салдарынан кемінде 18 шеруші мен алты полиция қызметкері зардап шеккен.

Жұма күнгі наразылық Түркияда биыл наурызда парламент полицияның демонстранттарға қатысты іс-қимыл өкілеттігін кеңейткелі бергі алғашқы ірі қарсылық акциясы болып отыр.

Түркия үкіметі Таксим алаңында тек бейбіт мақсаттағы наразылық шерулерін өткізуге болатынын, ал ол жерде барлық «заңсыз іс-әрекеттерге» тыйым салынатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG