Accessibility links

Қазақстан ана мен балаға жағдай жасаудан 58-орында


Save the Children ұйымының логотипі. (Көрнекі сурет).

Save the Children ұйымының логотипі. (Көрнекі сурет).

Save the Children ұйымы 2015 жылға арналған ана мен бала өміріне қолайлы жағдай жасау көрсеткішіне қатысты есебін жариялады. Ұйым зерттеу жасаған 179 елдің ішінде Қазақстан ана мен бала өміріне қолайлы жағдай жасау көрсеткіші жөнінен 58-орынды иеленген.

Ұйымның есебінше, әлемде күн сайын 17 мың бала бес жасқа жетпей көз жұмады. Бұл көрсеткіштің көпшілігі негізінен дамушы елдердегі қалалардың халық тығыз қоныстанған әрі санитарлық жағдайы нашар аудандарына тиесілі.

Ұйым есебінде қалалардағы ауқаттылар мен тұрмысы нашар адамдардың денсаулық жағдайында да теңсіздік бары көрсетілген. Мысалға, дамушы елдердің көпшілігінде урбандалған қаланың ең кедей балалары арасындағы өлім деңгейі урбандалған қаланың ең ауқатты балалары арасындағы өлім деңгейінен кемінде екі есеге көп. Кейбір елдерде бұл көрсеткіш 3-5 пайызға дейін артып кетеді.

Save the Children ұйымы есебінде әйелдердің денсаулығы, балалардың денсаулық жағдайы, білім деңгейі, экономикалық әл-ауқаты және әйелдердің саяси өмірге араласу көрсеткіштерін саралаған.

Ана мен балаға ең жақсы жағдай жасалған елдер тізімінің басында Норвегия, Финляндия, Исландия, одан кейінгі орындарда Дания, Швеция, Нидерланды, Испания, Германия, Австрия және Венгрия тұр. Постсоветтік елдер арасында Беларусь 25-орында, Ресей 56-орында, Қырғызстан 60-орында, Өзбекстан 118-орында, Тәжікстан 127-орында орналасқан.

XS
SM
MD
LG