Accessibility links

АҚШ Кубамен теңізде жолаушылар тасымалын қалпына келтірмек


АҚШ 50 жылдан астам уақыттан бері бірінші рет Кубамен арадағы теңізде жолаушы тасымалын қалпына келтірді деп хабарлайды америкалық ақпарат құралдары.

Associated Press агенттігінің хабарына қарағанда, Флоридада орналасқан төрт жекеменшік кеме компаниясы АҚШ қаржы министрлігінен Флорида штатындағы порттардан Кубаға тұрақты рейстер жүргізуге рұқсат алған. Министрлік өкілі лицензия берілгенін растағанымен, қанша лицензия берілгенін нақтыламады.

АҚШ пен Куба арасындағы байланыс өткен жылы желтоқсанда екі ел президенттерінің бұдан елу жылдан астам уақыт бұрын үзілген қарым-қатынасты қалпына келтіру туралы мәлімдемесінен соң біршама кеңейген.

Биыл Кубаға мемлекеттік хатшының Батыс жартышар істері жөніндегі орынбасары Роберт Джейкобсон бастаған америкалық делегация барған. Бұл сапар барысында екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды жандандыру жайы талқыланған.

Теңізде жолаушылар тасымалының қалпына келтірілгеніне қарамастан Кубаға салынған сауда эмбаргосына байланысты АҚШ азаматтарының Кубаға баруына салынған шектеу әлі күшінде. Кубаға салынған эмбаргоны тек АҚШ конгресі ғана жоя алады.

XS
SM
MD
LG