Accessibility links

Қазақ балуаны Азия чемпионы атанды


Азия чемпионатының қола жүлдегері қазақ балуаны Айым Әбілдина.
Азия чемпионатының қола жүлдегері қазақ балуаны Айым Әбілдина.

Катардың Доха қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында еркін күрестен 61 килограмм салмақта қазақстандық балуан Дәулет Ниязбеков алтын алды. ​

Ол 1/8 финалда пәкістандық Хусейн Мудассарды 2:0, ширек финалда қырғызстандық Әділ Маматевты 9:0, жартылай финалда моңғолиялық Ватволд Номинді 15:10 есебімен жеңіп, финалға шыққан. Ал алтын үшін кездесуде ирандық Вехнам Эхсанпоорды 7:6 есебімен жеңді.

Ниязбеков - 2013 жылы Делиде, 2014 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында қола медаль алған. 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Ал әйелдер арасында 48 килограм салмақта Татьяна Аманжол Азия чемпионатының қола медалін алды.

Ол 1/8 финалда өзбекстандық Дәулетбике Ешмұратованы, ширек финалда қытайлық Лили Вангты таза жеңген. Ал жартылай финалда үндістандық Винештен бір ұпай айырмашылығымен жеңіліп қалды. Қола медаль үшін таласта моңғолиялық Виамбазая Тцогбаатарды жеңді.

Татьяна Аманжол 2009, 2013, 2014 жылдардағы Азия чемпионы. 2014 жылы Азия ойындарында қола иеленген.

58 килограм салмақта Айым Әбілдина да қола медаль иеленді.

Ол ширек финалда Солтүстік Корея балуаны, былтырғы Азия чемпионы Ин Сун Джонгті жеңіп, жартылай финалға шыққан. Бірақ бұл кезеңде ол қырғызстандық балуан, 2013 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Айсұлу Тыныбековадан жеңіліп қалды. Айым Әбілдина қолаға таласар матчта оңтүстік кореялық Кеонг Кимді жеңді.

Айым Әбілдина осымен Азия чемпионатында төртінші рет қола медаль алды. Ол осыған дейін 2009, 2011, 2012 жылдары Азия біріншілігінің қола жүлдесін иеленген.

Дохадағы Азия чемпионаты 10 мамырда аяқталады.

XS
SM
MD
LG