Accessibility links

Грекияны еуропалық газ құбыры жобасына шақырды


«Оңтүстік газ дәлізі» жобасына арналған құбырларға салынған Ресей туының суреті.

«Оңтүстік газ дәлізі» жобасына арналған құбырларға салынған Ресей туының суреті.

Афинада сапармен жүрген АҚШ мемлекеттік департаментінің арнайы өкілі Амос Хоштейн жұма күні Грекия үкіметін осы елдің жері арқылы газ құбырын салуға ынта танытқан Ресейдің ұсынысынан бас тартып, еуропалық елдердің қатысуымен салынатын газ құбыры жобасын қолдауға шақырды.

АҚШ өкілі Ресейдің ұсынысы Грекияның қаржы мүддесіне сай емес деп мәлімдеген. «Бұл экономикалық жоба емес» деген ол. Хоштейннің сөзінше, тек өз саяси мүддесі тұрғысынан ойлайтын Ресейдің бұл жобасы жүзеге асса, Еуропаның ресейлік энергия көздеріне тәуелділігі күшейе түспек. Ол болашақта Әзербайжан, Түркіменстан және Таяу Шығыстағы кейбір елдерден табиғи газ жеткізуге мүмкіндік беретін «Оңтүстік газ дәлізі» атты жобаға Афинаның қатысуы Грекия мен Еуропаның мүддесіне сай келеді деп мәлімдеген.

Түркиядағы АҚШ елшілігі жариялаған мәлімдемеде осы жобаның арқасында Грекия бір жарым миллиард доллар инвестицияға, газ құбырын тарту үшін жаңадан 10 мың жұмыс орнына және 25 жыл бойы миллиондаған доллар кіріске ие болады делінген.

Бейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин Грекия премьер-министрі Алексис Ципраспен телефон арқылы сөйлескенде Ресейден Түркия жері арқылы газ құбырын салу жобасын талқылағаны туралы хабарланған. Грекия үкіметінің өкілдері бұл жобаға қатысуға Грекияның ынталы екенін айтқан. Бірақ, әзірше Мәскеу Түркиямен оның территориясы арқылы газ құбырының бөлігін салу жайлы келісімге келген жоқ.

XS
SM
MD
LG