Accessibility links

Кадыров милиция бастығына оқушы қызды тоқал етуге рұқсат еткен


Шешенстан басшысы Рамзан Кадыров. Грозный, 10 наурыз 2015 жыл.

Шешенстан басшысы Рамзан Кадыров. Грозный, 10 наурыз 2015 жыл.

Шешенстан басшысы Рамзан Кадыров Ножай-Юрт ішкі істер бөлімінің бастығы Нажуд Гучиговке 17 жастағы мектеп оқушысын екінші әйелі етіп алуға рұқсат берген. Ресейлік «Новая газета» басылымының жазуынша, мамырдың 5-і күні жергілікті «Вайнах» телеарнасынан көрсетілген сюжетте Кадыров Гучиговқа тұрмысқа шығуына қалай қарайтынын сұрап қалыңдықтың үйіне адамдар жіберіп, қыздың әке-шешесі қарсы емес екенін білгенін мәлімдеген. Газеттің жазуынша, мамырдың 10-ы күні болатын үйлену тойына Шешенстан басшысы да мейман ретінде шақырылған.

Сәуірдің 30-ы күні «Новая газета» 57 жастағы Нажуд Гучигов Байтарке ауылының 17 жастағы тұрғыны Хеда Гойбалиеваны күштеп тоқалдыққа алмақшы болып жатқаны туралы жазған. Егер қыздың ата-анасы өз еріктерімен бермесе, олардың отбасын жазалайтынын айтқан. Ата-анасы қызды басқа жаққа алып кетпеуі үшін ауылға кіріп-шығар жолға күзет қойылған. Бұл туралы басылымға Гойбалиевтер отбасы тұратын ауылдың өзге тұрғындары айтқан.

Сол күні, сәуірдің 30-ында Ножай-Юрт ішкі істер бөлімінің бастығы «Новая газета» тілшісіне өзінің әйелі барын, ал Хеда Гойбалиевамен тіпті таныстығы да жоғын айтқан. Бірақ, мамырдың 7-і күні бұл оқиғаға Рамзан Кадыровтың араласқаны белгілі болған.

Ресейде көп әйел алуға заң жүзінде тыйым салынған. Заң бойынша, некеге 18 жастан бастап отыруға рұқсат етілген. Бұдан бірнеше жыл бұрын Рамзан Кадыров Шешенстанда қалыңдық ұрлауға және кәмелеттік жасқа толмағандармен некеге отыруға тыйым салған.

XS
SM
MD
LG