Accessibility links

Керри: Санкция Минск келісімі орындалғанда жеңілдейді


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде. Сочи, 12 мамыр 2015 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде. Сочи, 12 мамыр 2015 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Украина шығысындағы қақтығысушы тараптар Минскіде ақпан айында жасалған қақтығысты тоқтату туралы келісімді бұзуын тоқтату тиіс және "келісім талаптары толық орындалса" батыс елдері Ресейге салған экономикалық санкцияларын жеңілдетуі мүмкін деп мәлімдеді.

"Минск келісімі толық орындалса АҚШ пен Еуропа Одағының санкциялары алына бастайтыны анық" деді Керри 12 мамырда Сочиде Ресей президенті Владимир Путинмен төрт сағатқа созылған кездесуден кейін.

Джон Керри Украина дағдарысы басталғалы бері Ресейге бірінші рет сапарлады. Кездесуден кейін Керри әлемдегі қауіп-қатерлермен күресте, оның ішінде Украина армиясы мен Ресей қолдайтын сепаратистер арасындағы қақтығысты реттеуде АҚШ пен Ресей "ынтымақтастықта болуы қажет" екенін айтты.

Путинмен кездесуі алдында Керри Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен де төрт сағатқа жуық келіссөз өткізген. Керри кездесуде Вашингтонның Минск келісіміне қарамастан Украина шығысында қақтығыстың үздік-создық жалғасып жатқанына "ерекше алаңдаулы екенін" ашық білдіргенін айтты. Ол "қазір кез-келген тараптың күш қолдануының салдары жойқын болатынын" ескерткен.

Мәскеу мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас Ресей 2014 жылы наурызда Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алған соң күрт шиеленіскен. Батыс елдері мен Киев Ресейді сепаратистерді қару-жарақпен және әскермен қамтамасыз етіп отыр деп айыптайды. Бірақ мұны Мәскеу жоққа шығарады. Украина шығысында үкімет әскері мен сепаратистер арасында қақтығыс басталған 2014 жылдың сәуірінен бері 6100-ден астам қаза тапты.

Сергей Лавров Керридің Путинмен кездесуінен кейін Мәскеу мен Вашингтон "екі ел арасындағы қарым-қатынасқа бұдан ары да зардабын тигізетін қадам жасаудан абай болу қажет деген уағдаластық жасасты" деді. Лавров келіссөздер Мәскеу мен Вашингтонның "бір-бірімен жақсырақ түсінісуіне көмектескенін" айтты.

Керри кездесулерден соң Twitter-де Путинмен және Лавровпен Украина, Сирия және Иран мәселесі жайлы "ашық талқылау" болғанын жазды.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков журналистерге Керри мен Путин арасындағы келіссөз "ашық" және "достық пейілде" болғанымен, айтарлықтай алға ілгерілеушілік болмағанын айтты.

XS
SM
MD
LG