Accessibility links

"Адем" саудагерлері: Тергеу дұрыс жүргізілмей жатыр


"Адем-1" сауда үйі кәсіпкерлерінің баспасөз мәслихаты. Алматы, 13 мамыр 2015 жыл.
"Адем-1" сауда үйі кәсіпкерлерінің баспасөз мәслихаты. Алматы, 13 мамыр 2015 жыл.

26 сәуірде өртенген "Адем-1" сауда үйінің кәсіпкерлері бүгін «тергеу жұмысының дұрыс жүргізілмей жатқанын» мәлімдеді. Алматы қаласында баспасөз мәслихатын өткізген бір топ кәсіпкер «Сауда үйінің өртенгеніне үш апта болды. Бірақ өрттің неден шыққаны, қалай болғаны туралы тергеушілер немесе прокуратура тарапынан бірде бір сөз жоқ. Бұған қоса сауда үйінің бақылау камерасы орналасқан бөлігі өрттен аман қалды. Яғни өрттің қалай басталғаны, онан кейінгі іс әрекеттердің қалай жүргізілгені туралы толық ақпаратты алуға болады. Бірақ оны көрсетуден тергеушілер бас тартып отыр» дейді. Өрттен зардап шегушілердің бірі Назгүл Жүкеева «Кешегі күннен бері «Адем-2», «Адем-3» сауда үйінен алты шаршы метр жерді алты айға ғана беріп жатыр. Оның өзінде 350 адамға ғана. Ал зардап шегушілердің саны екі мыңға жетеді» деді.

Сәуірдің 29-ы күні саудагерлердің наразылық жиынында "Адем" сауда орталығының директоры өртенген павильон барынша жылдамдата салынатынын және оның саудагерлеріне тегін сауда орындары берілетінін хабарлаған.

Сәуірдің 26-сында сағат 21 шамасында "Адем" сауда орталығы павильондарының бірінен өрт шығып, ол 27 сәуір күні түске таман бір-ақ өшірілген. Өрт аумағы 25 мың шаршы метрден асып, кешеннің бір павильоны түгелдей өртенді. Өрт екінші павильонды да шарпыды. Өрттің неден шыққаны әлі хабарланбады.

XS
SM
MD
LG